"Қазақтың Мессиі" деп танылған жас футболшы Еркебұлан Сейдахмет жарақат алып қалды, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Футболшының жарақат алғанын ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Станимир Стойлов бүгін өткен баспасөз жиыны кезінде хабарлады.
- Кеше кешкі жаттығу кезінде Сейдахмет жарақат алып қалды. Өкінішке қарай, оған енді ота жасатып, үш айдай емделу қажет. Өкшесін жарақаттап алған. Ондай жарақат жас ойыншыларда жиі болады. Егер бәрі жақсы болса, ертең ота жасату үшін Германияға аттанады, - деді жаттықтырушы.
Еркебұлан Сейдахмет бүгінде Ресейдің "Уфа" командасында ойнайды. Алдағы қыста өзге клубқа ауысуы мүмкін. Болжам бойынша "Қайрат" немесе "Астана" клубтарының біріне ауысатыны жайлы айтылуда. Италиядан да шақырту келген көрінеді.
Айта кетейік, ертең кешке Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы аясында Латвиямен ойнайды. Астанада өтетін кездесу кешкі сағат 21:00-де басталады.