2019 жылғы қысқы Универсиада ойындары аяқталды. 29-шы рет ұйымдастырылған жарыс Ресейдің Красноярск қаласында өтті. 10 күнге созылған аламанда Қазақстаннан барған спортшыларға алтын медаль бұйырмады.
Қысқы Универсиада ойындары 2 жыл бұрын Алматыда өткен. Алатау бөктерінде бәсекеде қазақстандық студент спортшылар барын салған еді. Намысты қолдан бермеді. Барлығы 11 алтын 8 күміс 17 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Бұл - Қазақстан құрамасының қысқы Универсиада ойындарындағы ең үздік нәтижесі болып тіркелді. Красноярскіде бұл нәтижені қайталамақ түгіл маңына да жуымады. Алтын түстес спорттық киіммен барған қазақ спортшыларына алтын медаль бұйырмады.
Күні кеше өз мәресіне жеткен жарыста Қазақстан құрамасы 4 күміс 3 қола медаль иеленіп қайтты. Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева, могулшы Павел Колмаков, шаңғышы Әсет Дүйсенов пен шаңғыдан ерлер құрамасы күміс медаль еншіледі.
Шорт-тректен ерлер және қыздар құрамасы, фристайлшы Жанбота Алдабергенова қола медальды иеленді.
Қазақстан құрамасы қысқы Универсиада ойындарына алғаш рет 1993 жылы қатысты. Польша жерінде өткен жарыста бұйырғаны бір күміс медаль болды. Араға екі жыл сала Испанияда өткен Универсиада ойындарында 2 алтын, 1 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 8-орынға ие болды. Ал одан кейінгі 1997, 1999, 2001 жылдары отандастарымыз қысқы Универсиада ойындарына қатысқан жоқ.
Қазақстанның қысқы Универсиада ойындарындағы нәтижелері:
1. 1993 жыл. Закопане (Польша) – 1 күміс. Жалпыкомандалық есепте – 16-орын
2. 1995 жыл. Хака (Испания) – 2 алтын, 1 қола. Жалпыкомандалық есепте – 8-орын
3. 2003 жыл. Тарвизио (Италия) – 2 алтын, 2 күміс, 2 қола. Жалпыкомандалық есепте – 10-11-орын
4. 2005 жыл. Инсбрук (Австрия) – 4 алтын, 1 күміс, 2 қола. Жалпыкомандалық есепте – 7-орын
5. 2007 жыл. Турин (Италия) – 2 алтын, 1 күміс, 2 қола. Жалпыкомандалық есепте – 13-орын
6. 2011 жыл. Эрзурум (Түркия) – 1 алтын, 5 қола. Жалпыкомандалық есепте – 18-орын
7. 2013 жыл. Трентино (Италия) – 2 алтын, 2 күміс, 1 қола. Жалпыкомандалық есепте – 15-орын
8. 2015 жыл. Гранада (Испания), Штрбске-Плесо (Словакия) - 5 алтын, 6 күміс. Жалпыкомандалық есепте – 3-орын.
9. 2017 жыл. Алматы (Қазақстан) – 11 алтын, 8 күміс 17 қола. Жалпыкомандалық есепте – 2-орын.
10. 2019 жыл. Красноярск (Ресей) - 4 күміс, 3 қола. Жалпыкомандалық есепте – 17-орын