Хоккейден Андрей Назаров жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы Польшаның Краков қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында үшінші жеңісіне қол жеткізді. «А» тобында бақ сынап жатқан отандастарымыз Жапония құрамасын 7:2 есебімен ойсырата жеңді.
Бірінші ойында Украина елінің хоккейшілерін 5:2 есебімен, екінші ойында Венгрияны 5:0 есебімен жеңген Қазақстан құрамасы топта 9 ұпаймен көш бастап келеді. Екі ойыннан өткізген Италияда – 5 ұпай, Польшада – 3 ұпай бар. Үздік сұрмергендер көшін «Барыс» ойыншылары Кевин Даллмэн мен Константин Руденко бастап тұр. Олар үш рет қарсылас қақпасына дәл көздесе, екі реттен нәтижелі пас берген. Сонымен қатар, одан кейінгі орындар да қазақстандық хоккейшілер еншісінде.
Қазақстан құрамасы ертең мұз айдын иелері поляк хоккейшілерімен кездеседі. «А» тобында жеңіске жеткен құрама 2016 жылы әлем чемпионатының элиталы тобына өтеді.
Cурет: yvision.kz