Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы ертең 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Дания құрамасымен кездеседі. Бүгін команда Алматының орталық стадионында ашық жаттығу өткізді.
Ойын алдында Қазақстан ұлттық құрамсының бас жаттықтырущысы Александр Бородюктің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтіп, ойын алдындағы өз ойымен бөлісті.
- Дания – мықты қарсылас. Біздің команда ойынға дайын. Футболшылар жанкүйерлерді қуантуға құлшынып тұр. Ойын қандай жүйеде өтетінін ертең көресіздер. Қазір айтпаймын. Бірақ ойын жүйесі өзгеше болады.
Бастысы ойыншылар дұрыс орналасып, физикалық тұрғыдан дайын болса болғаны. Жеке ойыншылардың шеберлігіне де үміт артамыз. Өз мүмкіндіктерімізді толық қолдансақ, нәтиже болады.
Әр ойынға жеңіске жетемін деп шығу керек. Барлығы да жеңіс үшін ойнайтын болады. Біз жанкүйерлерімізді қуантып, жақсы ойын көрсетсек – мұның өзі жеңіспен пара-пар, - деді бас жаттықтырушы.
Айта кетейік, Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы ойын ертең Астана уақытымен сағат 22:00-де Алматының орталық стадионында өтеді.