28 ақпан мен 3 наурыз аралығында Болгарияның Русе қаласында күрес түрлерінен (еркін, грек-рим және әйелдер) дәстүрлі рейтингтік турнир өтеді. Бұл жарысқа қазақ балуандары да қатысады.
Еркін күрестен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әсет Серікбаев Алматыдағы АІВА академиясында өткен бірлескен оқу-жаттығу жиынынан соң халықаралық жарыста бақ сынайтын балуандар есімін атады. Олар: Нұрислам Санаев (57 келі), Қуат Әміртаев (61 келі), Болат Сақаев (74 келі), Абылайхан Нұрсұлтанов (79 келі), Нұрдәулет Көктеубаев (86 келі), Азамат Дәулетбеков (86 келі).
Грек-рим күресі бойынша Болгария боз кілемінде 11 балуан бақ сынайды. Бас жаттықтырушы Нұрым Дүйсенов Аманғали Бекболатов (55 кг), Хорлан Жақанша (55 кг), Ернар Фидахметов (60 кг), Әділхан Сатаев (63 кг), Мейіржан Шермаханбет (67 кг), Мирас Баршылықов (77 кг), Тамерлан Шадукаев (77 кг), Мақсат Ережепов (82 кг), Азамат Күстібаев (87 кг), Хусейн Муцольгов (87 кг), Әлімхан Сыздықов сынды балуандарға сенім артады.
Нұрлан Аманқосов жаттықтыратын Қазақстан әйелдер құрамасы да ең мықты құраммен жарысқа аттанды. Валентина Исламова (50 кг), Татьяна Ахметова (53 кг), Марина Седнева (55 кг), Жұлдыз Эшимова (55 кг), Эмма Тисина (57 кг), Аяулым Қасымова (62 кг), Ирина Казюлина (68 кг), Жәмила Бақбергенова (72 кг), Гүлмарал Еркебаева (76 кг) және Эльмира Сыздықова (76 кг) белдеседі.
Жарыс жеңімпаздары 8 баллға ие болады. Күміс медаль алған балуан 6 балл еншілейді. Үшінші орын иегеріне 4 балл беріледі. 4-5 орын иегерлері 2 баллдан алады. Сондай-ақ бір салмақ дәрежесіндегі қатысушылар санына байланысты қосымша балл беру мүмкіндігі де қарастырылған.
Балуандардың жинаған ұпайлары қыркүйек айында Астанада өтетін әлем чемпионаты кезінде ескеріледі.