Еркін күрестен негізгі құрамдағы Қазақстан құрамасы Астанада өтіп жатқан «Президент кубогы» турнирінде жеңімпаз атанды. Ал екінші құрамдағы команда үшінші орыннан көрінді.
Командалық жүйеде өтіп жатқан жарыста отандастарымыз сәтті өнер көрсетті. Құрамында Расул Қалиев, Дәулет Ниязбеков, Мейіржан Әшіров, Нұрлан Бекжанов, Жігер Закиров, Әділет Давлунбаев, Азамат Дәулетбеков, Алихан Джумаев және Даулет Шабанбай бар Қазақстан құрамасы қарсылас шыдатпады. Жарысқа қатысушы Өзбекстан, Үндістан, Моңғолия және Қазақстан-2 құрамаларының барлығын жеңіп, чемпион атанды. Екінші орын моңғол балуандарына бұйырса, үшінші орынды Қазақстанның екінші командасы иеленді.
26 шілдеге дейін жалғасатын жарыста әлі әйелдер және грек-рим күресінің балуандары бақ сынайтын болады.