"Қайрат" футбол клубы Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде қарсылас атанған Литваның "Атлантас" командасын Алматыда 6:0 есебімен ойсырата жеңді. Ойында Жерар Гоу, Андрей Аршавин мен Иво Илишевич дубль орындады.
Алматылық клуб бірінші таймның өзінде-ақ қарсыластар қақпасына 4 гол тоғытты. 21 минутта Жерар Гоу есеп ашты. Араға 5 минут сала Андрей Аршавин 11 метрлік айып соққысын сәтті орындады. 30 минутта Георгий Жуков жарақатына байланысты өз орнын Иво Илишевичке босатты. Ол алаңға шыға сала қарсыластар қақпасына гол соғып, көзге түсті. Бірінші тайм аяқталар тұста Андрей Аршавин "Атлантас" қақпасына төртінші голды соқты.
Екінші таймда литвалық команда ширақ бастауға тырысқанмен, "Қайраттың" тас қорған қорғанысынан өте алмады. 50 минуттағы қарымта шабуылда қарсыластар қорғаушысы Ивоға қарсы айып алаңында ереже бұзды. Төреші белгілеген пенальтиді бұл жолы Жерар Гоу ойдағыдай орындады. 73 минутта Иво Илишевич "Атлантас" қорғаушыларын алдап өтіп, алыс айып алаңының сыртынан алтыншы голды соқты. Одан кейінгі аралықта есеп өзгермеді.
"Атлантас" ойыншылары екінші таймдағы бір қауіпті шабуылымен ғана есте қалды. Алыстан тепкен доп "Қайрат" қақпасының маңдайшасына тиіп, алаң сыртына шықты.
Командалар арасындағы қарымта кездесу 6 шілде күні Литвада өтеді. Қос ойын қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда екінші іріктеу кезеңінде "Скендербеу" (Албания) – "Сан-Хулиа" (Андорра) командаларының жеңімпазымен кездеседі.