Қазақстандық былғары қолғап шебері Қанат Ислам (26-0, 21 КО) кәсіпқой бокстағы кезекті жекпе-жегі қашан өтетінін мәлімдеді.
Qazaq Promotions промоутерлік компаниясының YouTube-арнасына берген сұқбатында Қанат Ислам жаттығулары жайлы және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі туралы айтып берді.
– Біз Qazaq Promotions компаниясының басшысымен бірге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның қабылдауында болдық. Бұл біз үшін үлкен абырой, – деп бөлісті әсерімен Ислам. – Қазір барлығын жинастырып, тауға келгенімізге 10 күн болды. Дайындығымызды бастап кеттік. Келесі жекпе-жегім қазан айының 26-на жоспарланып отыр. Сол үшін жауапкершілік үлкен және Америкадан менің бұрынғы промоутерім Нельсон Лопес келеді.
5 шілде күні Алматы қаласында өткен бокс кешінде Қанат Ислам доминикандық Хулио де Хесусты 14 секундта ұтып, орта салмақта WBO Inter-Continental чемпиондық атағын жеңіп алған еді.
Естеріңізге сала кетейік, 34 жастағы боксшы екі жылдық үзілістен соң орта салмаққа ойысқан болатын. Бұған дейін Ислам бірінші орта салмақта жекпе-жек өткізіп жүрді.