Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам (25-0,20 КО) шаршы алаңға оралады. 2017 жылдың қыркүйек айынан бері жекпе-жекке шықпаған отандасымыз келесі кездесуі қашан және қайда өтетінін ресми түрде хабарлады.
- Қадірлі спорт сүйер жанкүйерлер! Сіздермен сүйіншілі жаңалығымды бөліскелі отырмыз! 5-ші шілде күні Алматыда Кәсіби бокстың нағыз мерекесі өтеді. Балуан Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайында қазақстандықтар боксшылардың дүниежүзі елдерінен келген былғары қолғап шеберлерімен өткізетін кәсіби бокс кеші өтеді. Кештің бас жекпе-жегін араға біраз уақыт салып, шаршы алаңға қайта оралған әйгілі Қанат Ислам өткізеді. Жақын арада барлық сұрақтарға жауап беретін пресс-конференция өтеді. Сонда керемет бокс кеші туралы толық мәліметті ұсынатын боламыз! – деп жазды боксшы Instagram желісіндегі парақшасына.
Бұл бокс кешінде Қанаттан өзге де танымал қазақстандық боксшылар бақ сынайды. Олардың қатарында Арман Рысбек, Абылайхан Хұсайынов пен Руслан Мырсатаев бар.
Айта кетейік, Қанат Ислам 2011 жылдан бері кәсіпқой бокста қазақ елінің атынан бақ сынап келеді. Ал оған дейін Қытай елінде жүріп Олимпиада ойындарының (2008 ж) және әлем чемпионатының (2007 ж) қола жүлдегері атанған-ды.