Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның (25-0,20 КО) кезекті жекпе-жегіндегі қарсыласы белгілі болды.
2017 жылдың қыркүйек айынан бері жекпе-жекке шықпаған отандасымыз келесі қарсыласын ресми түрде хабарлады.
Отандасымыз Доминикан Республикасының өкілі Хулио де Хесуспен (27-1, 24 КО) кездеседі. 36 жастағы тәжірибелі боксшы 28 жекпе-жек өткізіп, тек біреуінде жеңіліс тапқан. Ал 24 кездесуін уақытынан бұрын аяқтады. Жерлесіміз орта салмақта WBO Intercontinental титулына таласқа түседі.
Бокс кеші 5-ші шілде күні Алматы қаласындағытБалуан Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайында өтеді.
Бұл күні Қанаттан өзге де танымал қазақстандық боксшылар бақ сынайды. Олардың қатарында Арман Рысбек, Абылайхан Хұсайынов пен Руслан Мырсатаев бар. Айта кетейік, Қанат Ислам 2011 жылдан бері кәсіпқой бокста қазақ елінің атынан бақ сынап келеді. Ал оған дейін Қытай елінде жүріп Олимпиада ойындарының (2008 ж) және әлем чемпионатының (2007 ж) қола жүлдегері атанған-ды.