Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Жанат Түсіпбеков IWF Халықаралық федерациясының атқарушы комитетінің мүшесі, және маркетингтік комиссиясының төрағасы ретінде сайланды. Бұл туралы ауыр атлетика федерациясының ресми сайты хабарлап отыр.
6-сәуір күні Лимада (Перу) IWF атқарушы комитетінің отырысында оған кіретін мүшелердің барлығы Ж.Түсіпбековтың кандидатурасына бір ауыздай қолдау беріп, оны маркетингтік комиссиясының төрағалығына сайлады.
- Жанат Түсіпбеков өз жұмысымен әлемдік ауыр атлетика қоғамына бұрыннан белгілі. Өткен жылы оның бастауымен Қазақстанда жоғары дәрежелі ұйымдастыруымен әлем чемпионаты өтіп, бұл елдің құрама командасы жалпыкомандалық есепте көшбасшыларының бірі ретінде танылды. Тәжірибесі мол осындай басшының қолдауымен маркетингтік комиссиясының жұмысы одан әрі дамиды деп сенімдімін - дейді IWF президенті Томаш Аян.
Өз кезегінде Жанат Түсіпбеков Қазақстанда спортты қолдау мен дамуына ірі компаниялар мен корпорацияларды тарту тәжірибесі қолданылатындығы жөнінде де айтты.
Айта кетейік, бүгін Лимада 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздар арасында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты басталды. Бәсекеге әлемнен 200-ден астам зілтемірші, соның ішінде 6 қазақстандық та қатысатын болады.
Сурет: confederation.kz