Ауыр атлетикадан Талдықорғанда өтіп жатқан ел чемпионатына Илья Ильин қатыспайтын болды. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.
Қазақстандық спортшының неліктен жарыс жолына шықпайтыны әзірге белгісіз. Бұл туралы ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Александр Ни дода аяқталған соң жауап беретінін айтқан.
Осыған дейін 94 келіге дейінгі салмақтағы спортшылардың сайысы өткен болатын. Жарыс барысында қазақстандық ауыр атлет Владимир Седов оғаш мінез танытып, жарысқа қатысқан жоқ.
Бұл салмақта Денис Уланов чемпион атанды. Ол қоссайыста 396 келіні (180+216) көтерді. Екінші орынды Рүстем Сыбай 365 (175+190) келімен иеленді. Бұл үштікті Шыңғыс Сағындықов түйіндеді. Ол қоссайыста 335 (145+190) келімен шектелді.
Айта кетейік, осыған дейін қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин мен Зульфия Чиншанлоның Олимпиада ойындарында допинг қолданғаны туралы ресми емес ақпараттар жазылған болатын.