Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Астанадағы әлем чемпионатын жеңіспен бастады. Бірінші дивизиондағы алғашқы ойында отандастарымыз Словенияны 3:2 есебімен ұтты.
Қазақстандық хоккейшілер үш шайбаны да бірінші кезеңде соқты. 4 минутта Никита Михайлис ойыншы басымдығы кезінде есеп ашты. Араға 2 минут сала Антон Некряч нәтижені еселеді. 16 минутта Никита Михайлис дубль жасап, есепті 3:0-ге жеткізді.
Екінші кезеңде Словения құрамасы екі шайба соғып, таразы басын теңестіруге ұмтылды. Үшінші кезеңде командалар гол соққан жоқ. 3:2 есебі сақталып, Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Ұлттық құрама келесі ойынын 1 мамыр күні Литваға қарсы өткізеді. Бірінші дивиондағы әлем чемпионаты 5 мамырға дейін жалғасады. Бірінші және екінші орын алған құрамалар элиталық дивизионға жолдама алады.