Орта салмақтағы WBA/IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин өз мансабындағы 30 кездесуі саналған кезекті жекпе-жегін 26 сәуір күні Нью-Йоркте өткізетіні белгілі. Гена осыған дейінгі кездесулерінің барлығында да (29) жеңіске жетіп, оның 26-сын нокаутпен аяқтады. Ал өзінің соңғы өткізген 16 кездесуін уақытынан бұрын аяқтады.
Әзірге оның сәуір айында кіммен жұдырық түйістіретіні белгісіз. Ал Головкиннің өзі болса 154 пен 168 фунт аралығындағы (69-76 келі аралығында) кез-келген боксшымен шығуға дайын екендігін мәлімдеген болатын. Алайда ProBoxing-fans.com порталы олардың ішінде Генаға лайықты жауап қата алатын боксшылар көп емес деп хабарлайды. Сонымен қазақстандыққа қарсылас атануы мүмкін кейбір боксшыларға тоқталып өтейік.
Бірінші орта салмақ:
Флойд Мейвезер. Америкалық боксшының жанкүйерлері оның Головкинмен кездескенін қалайтыны белгілі. Алайда Мейвезердің өзі болса дәл қазір бұл кездесудің орын алғанына аса қызығушылық танытып отырған жоқ. Одан бөлек, қазақстандық өз салмағын бірден 160 фунтқа түсіруі де күмән келтіретін іс. Алайда барлық қаржылық мәселелер шешіліп жатса, бұл кездесудің орын алып қалуы да ғажап емес.
Джеймс Киркленд. Америкалық боксшы Глен Тапиадан айқын басым түскеннен кейін онымен барлығы санасатын болды. 32 кездесуінің 28-ін нокаутпен аяқтаған ол кез-келген боксшы үшін қауіпті қарсылас екені даусыз. Осыған қарап ол Генаға біраз қарсылық танытады деп топшыласақ болады. Алайда оның жұдырықтасу стилі Кертис Стивенске қатты ұқсайды. Ал Стивенстің Генаға қарсы кездесуде қандай жағдайға душар болғанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Киркленд өз мансабында тек бір рет жеңілді. Оны құлатқан жапон Нобухиро Ишада. Ал Головкиннің Ишиданы Монакода былтыр ғана үшінші раунда есінен тандырғаны ел есінде.
Канело Альварес. Егер орта салмақтағы экс-чемпион Альфредо Ангуломен кездесуін сәтті өткізсе, ол Головкинге қарсылас атануға толық құқы болады. Алайда оның промоутері Golden Boy бұл кездесуге келісуі екіталай. Альварестің мансабын тәуекелге қойғысы келмейтіні түсінікті.
Эрисланди Лара. Бұл боксшының техникалық шеберлігі мен стилі Головкинмен кездесуді үлкен оқиғаға айналдырары анық. Алайда Генаға ол үшін біраз салмақ тастау керек немесе кубалық салмақ қосу қажет. Лара осыған дейін де қазақстандықты кездесуге ашық шақырған болатын.
Орта салмақ:
Серхио Мартинес. Аргентиналық Головкиннің кездесуі мүмкін басты қарсыластарының бірегейі саналады. Оған себеп Мартинестің орта салмақтағы ең үздік боксшы деп саналуы болып отыр. Бұл кездесу орын алып жатса, «жылдың басты жекпе-жегі» болатынына ешкім күмән келтірмесі анық. WBA мен WBC белбеулерінің иелері арасындағы текетірес. Міне, нағыз кездесу. Бұл кездесуде Мартинес Головкинге алғашқы жеңілістің дәмін таттырады немесе Генадан жеңіліп, мансабына біржола нүкте қояды. Бұл кездесудің биыл орын алуы әбден мүмкін. Ол үшін аргентиналық Мигель Коттодан айласын асыруы тиіс. Сондай-ақ Мартинестің Генамен кездесуге қарсы еместігін айтқан мәлімдемесін де еске алайық.
Питер Куиллин. Головкин сияқты ол да Гариэль Росадодан техникалық нокаутпен басым түсті. Алайда Головкин қарсыласын қан жоса етіп сабаған болса, Куиллин тек Росадоның қабағы жарылғандығы есебінен жеңіске жетті. Сонымен америкалық боксшының Мартинеспен қатар Генаға қарсылас атануға толық құқы бар деп есептейміз. Оның үстіне Куиллион WBO чемпионы әрі өз мансабында бірде-бір рет жеңілмеген.
Энди Ли. Ирландиялық боксшыны барлығы 26 сәуір күні Головкиннің қарсыласы атанады деп болжайды. Оны промоутер Том Леффлер де жоққа шығарған жоқ.
Қалай болғанда да, Головкин 2014 жылы да өткен жылдағыдай, төрт бірдей кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Оның алғашқысында ақпанның 2-сі күні қазақстандық боксшы ганалық Осумана Адаманы жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңген еді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: kapital.kz