Головкин: "Менің басты мақсатым – орта салмағы барлық чемпионмен кездесу"

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Болат Қосмағамбет>
Головкин: "Менің басты мақсатым – орта салмағы барлық чемпионмен кездесу"

Орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий (GGG) Головкин өз дивизионындағы чемпиондық белбеулерге ие барлық қарсыласымен кездесу өткізгісі келетіндігін айтып сұқбат берді, деп хабарлайды Тofight.ru сайты. Сол сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

БӨЛІСУ

- 2012 жылдың соңына қарай сен Американы бағындыруды жалғастыра беретіндігіңді айтып қалдың. Өткен жылы төрт бірдей кездесу өткізіп үлгердің. Оның екеуі НВО телеарнасынан көрсетілді. Осы жөнінде айта кетсең...

- Иә, мен төрт кездесу өткізіп үлгердім. Менің фанаттарымның қатары көбейді, осыған қуаныштымын. Бұл мен үшін сәтті жыл болды.

- Сені көпшілігі жыл боксшысы деп танып жатыр. Бірінші кезекте, ол сенің рингте қалай жұдырықтасатыныңа берілген баға. Сенің ойыңша, фанаттар үшін өз бойыңдағы тартымды қандай қасиетті айтар едің?

- Білмеймін, бірақ мен өз фанаттарыма алғыстан басқа айтарым жоқ. Сондай-ақ алдағы кездесу де мен үшін сәтті болар деп үмітттенемін. Ал менің басты мақсатым – орта салмағы барлық чемпионмен кездесу. 

- Дәлірек айтсаң, нақты кімдермен кездескің келеді? Мысалы, ол Серхио Мартинес болуы мүмкін бе? Ал Питер Куиллинмен кездесу мүмкіндігі төмен екендігіне де өзіндік себебі бар. Бірақ олар кімдер болуы мүмкін? 

- Иә, дұрыс айтасыз, Питер Куиллин Showtime арнасында ғана жұдырықтасады. Ал мен қазір Котто-Мартинес кездесуінің жеңімпазымен кездессем деп ойлаймын.

- Ал сен Мигель Коттоның орта салмақта бір кездесу де өткізбей, бірден чемпиондық жекпе-жекке шығуын қалай бағалайсың?

- Бұл – бизнес. Ал қазір мен тек 1 ақпан күні болатын кездесуге ғана дайындалудамын. Бар ойым да сол жекпе-жекте. 

- Көпшілігі, Адамамен болатын кездесуді сен үшін аса қиынға соқпайды деп ойлайды. Олар сенің рингте үлкен жарақат алмастан, оңай жеңіске жететіндігіңді көреді. Ал өзің бұл жекпе-жектің өзің үшін маңызы аса зор деп ойлайсың ба?

- Иә, сөзсіз бұл мен үшін маңызды жекпе-жек. Ол мықты қарсылас, ал бастысы чемпиондық белбеу үшін барын салуға әзір. Меніңше, бұл екеуміз үшін де тамаша кездесу болмақ.

- Сондай-ақ көпшілігі сені орта салмақтағы ең қауіпті боксшы деп санайды. Тіпті бәзбіреулер өзіңді Уорпен де кездестіріп қойды. Осыған байланысты не айтасың?

- Мен Андре Уордты қатты сыйлаймын. Ол нағыз чемпион. Егер шаршы алаңда кездесіп жатсақ, бұл үлкен оқиға болар еді. Алайда мен әзірге орта салмақтағы қарсыластармен кездесіп жүрмін.

- Егер саған орта салмақтағы кез келген қарсыласпен шығу мүмкіндігі болса, кімді таңдар едің?

- Мүмкін, Хулио Сезар Чавес болар.

- Ол орта салмақта жұдырықтасады деп ойлайсың ба?  

- Иә, әбден мүмкін. Оған тек уақыт қажет.  

- Бұл сен үшін бірінші кезекте ақшаға кенелетін кездесу ме, әлде маңызды қарсылас па?

- Меніңше, ол тамаша қарсылас.

- Ертеректе сен онымен спаррингке де шықтың. Сол кезде қандай әсер алдың? 

- Ол кезде спарринг кездесу секілді болған жоқ. Біз жай ғана бірге жұмыс жасады,бір бірімізге көмектестік.

- Қалай көмектестіңдер?

- Жай ғана тәжірибе алмасу ретінде болған.

- Өз басың 2014 жылдан не күтесің?

- Қазіргі мақсатым – 1 ақпан күнгі кездесуді сәтті аяқтау. Қалғанын көре жатамыз.

- Адамамен болатын кездесуге болжамың?

- Білмеймін, бұл деген бокс, кез келген уақытта кез келген жағдай орын алуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, 1 ақпан күні Головкин ганалық Осумана Адама қарсы кездесу өткізеді. Бокс кеші Монаконың сауда, ойын-сауық ауданы саналатын Монте-Карлода өтпек.

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: sport.nur.kz