Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Таиландта өткен халықаралық турнирде топ жарды. Шешуші ойында тай ойыншыларымен тең түсіп, доп айырмасы бойынша жеңімпаз атанды.
Банкгогта өткен турнирге Таиланд, Иран, Жапония мен Қазақстан футзал құрамалары қатысты. Алғашқы ойында отандастарымыз Азиядағы алпауыт ұжымдардың бірі саналатын Иран құрамасымен 3:3 есебімен тең ойнады. Ал екінші ойында Жапония құрамасын 9:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал Тайланд құрамасына қарсы ойын тең аяқталды. Бұл кездесуде де 3:3 есебі тіркелді.
Қазақстан мен Таиланд үш ойынның қорытындысы бойынша 5 ұпайдан жинады. Бірақ доп айырмасы бойынша отандастарымыз әлдеқайда алда болды. Өкінішке орай, ұлттық құрама капитаны Дінмұхамед Сүлейменов пен қақпашы Дмитрий Шамро жарақат алып қалды. Алдағы әлем чемпионатына дейін айығып кетеді деген сенімдеміз.
Орын | Құрама | Ойын саны | Ұтыс | Тең ойын | Жеңіліс | Доп айырмасы | Ұпай саны |
1 | Қазақстан | 3 | 1 | 2 | 0 | 15-6 | 5 |
2 | Таиланд | 3 | 1 | 2 | 0 | 12-10 | 5 |
3 | Иран | 3 | 1 | 1 | 1 | 12-12 | 4 |
4 | Жапония | 3 | 0 | 1 | 2 | 4-15 | 1 |
Қазақстан құрамасы Таиландтағы халықаралық турнирге әлем чемпионатын алдындағы дайындығын шыңдау мақсатында қатысты. Қазіргі таңда ұлттық құраманың дайындығы мен осыған дейінгі ойындарының нәтижелері жанкүйерлер тарапынан жоғары баға алып келеді.
Айта кетейік, футзалдан әлем чемпионаты 10 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Колумбияда өтеді. Отандастарымыз топтық кезеңде Аргентина, Коста-Рика мен Соломон аралдары құрамаларымен кездеседі.