Футболдан Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңі өтуде. Қазақ елінің атынан қатысып жатқан "Ордабасы" мен "Қайрат" бұл кезеңдегі бірінші ойындарын сырт алаңда өткізді.
"Млада Болеслав" (Чехия) – "Ордабасы" (Қазақстан) 1:1
Екі команда арасындағы бірінші ойын Чехия жерінде өтті. Алғаш болып шымкенттік команда есепте алға шықты. Команда легионері Мирзад Механович гол соқты. Алайда бірінші тайм аяқталар тұста алаң иелері есепті теңестіріп кетті. Гол соққан – Николай Комличенко. Ол чех командасында ойнайтын ресейлік легионер.
Екінші таймда командалар таблодағы нәтижеге өзгеріс енгізе алған жоқ. 1:1 есебімен тең тарқасты. Қарымта ойын 1 тамыз күні Шымкентте өтеді. Екі ойын қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда үшінші іріктеу кезеңде "Алашкерт" (Армения) және ФКСБ (Румыния, бұрынғы Стяуа) командаларының ұтқанымен ойнайды.
"Хапоэль Беэр-Шева" (Израиль) – "Қайрат" (Қазақстан) 2:0
Алексей Шпилевский жаттықтыратын алматылық команда алғашқы ойынды сәтсіз өткізді. Беэр-Шевада алаң иелері жеңіске жетті. Бірінші голдарын 10 минутта-ақ соқты. Рамзи Сафури төреші белгілеген пенальтиді мүлтіксіз орындады. "Қайрат" қақпашысы Стас Покатилов допты қайтарып үлгермеді.
Екінші таймда қазақстандық команда есепті теңестіруге ұмтылды. Нәтиже болмады. Есесіне "Хапоэль Беэр-Шеваның" қарымта шабуылы қарымды шықты. 63 минутта Эден Шамир "Қайрат" қақпасына екінші голды соқты.
Ойын аяқталар тұста Елдос Ахметов гол соққан. Алайда төреші ойын ережесі бұзылғанын назарға алып, голды есептемеді. Екі команда арасындағы қарымта ойын 1 тамыз күні Алматыда өтеді.
Екі ойын қорытындысы бойынша үшінші кезеңге шыққан клуб "Норрчепинг" (Швеция) және "Лиепай"(Латвия) командаларының жеңгенімен ойнайды.
Айта кетейік, Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде "Астана" да ойнауда. Елордалық команда бірінші ойында Андорраның "Санта-Колома" клубымен тең ойнады.