Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Солт-Лейк-Ситиде өткен халықаралық турнирде күміс жүлде иеленді. Отандасымыз қос бағдарлама қорытындысы бойынша 177,91 ұпай жинады.
15 жастағы Элизабет Тұрсынбаева ересектер арасындағы турнирге алғаш рет қатысып отыр. Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы төртінші орын алды. Ал еркін бағдарламада отандасымыз сәтті өнер көрсетіп екінші нәтиже көрсетті. Қос бағдарлама қорытындысы бойынша 177,91 ұпай жинаған отандасымыз күміс медальға ие болды.
«US International Classic» турнирінде жапон Сатоко Мияхара жеңімпаз атанды. Ол Элизабеттен 6 ұпайға артық жинады. Үшінші орынды америкалық Анджела Ванг иеленді. Отандасымыз Канако Мураками (Япония), Карен Чен (США) және Брукли Хан (Австралия) сынды мәнерлеп сырғанаушыларды артта қалдырды.
Айта кетейік, Элизабет Тұрсынбаева қазан айының соңында «Skate America» халықаралық Гран-При додасына қатысатын болады.