Қазақ мәнерлеп сырғанаушысы Элизабет Тұрсынбаева Финляндия елінің астанасы Хельсинкиде өтіп жатқан әлем чемпионатында 9-орын алды. Нәтижесінде Қазақстаннан 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына екі бірдей спортшы аруымыз қатысатын болады.
29 наурыз күні өткен қысқа бағдарламада Элизабет 65.48 ұпай жинаған болатын. Еркін бағдарламада да өз жаттығуларын сәтті орындап, 126.51 ұпайға ие болды. Бұл отандасымыздың еркін бағдарламадағы ең үздік көрсеткіші. Қос бағдарлама бойынша 191,99 ұпаймен 9-орын алды.
Әлем чемпионатында ресейлік Евгения Медведева жеңімпаз атанды. Ол қос бағдарлама бойынша 233,41 ұпай жинады. Күміс медальды канадалық мәнерлеп сырғанаушы Кэйтлин Осмонд иеленді. Ол қос бағдарламада 218,13 ұпайға ие болды. Қоланы да канадалық спортшы Габриэль Дэйлман (213.52) жеңіп алды.
Элизабет Тұрсынбаева қыздар арасындағы жекелей сын бойынша алғаш рет қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алып отыр. Осыған дейін еліміздің атынан төртжылдықтың басты додасына бірде-бір қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы ару қатыспаған. Пхенчханда екі бірдей мәнерлеп сырғанаушы аруымыз бақ сынайтын болады.