Өзінің ринг мансабында 22 жекпе-жегінің барлығын жеңіспен аяқтаған американдық Эдвин Родригес қазақстандық Геннадий Головкинмен болуы мүмкін кездесуден бас тартып отыр. Головкиннің жеке жаттықтырушысы Абель Санчестің айтуы бойынша, әлгі боксшыға кездесу үшін еңбекақысына 500 мың доллар ұсынылған екен.
Родригестің бас тарту себебін Абель өзінше былай түсіндірді: "Генна 154 пен 168 фунт аралығындағы кез келген боксшымен жұдырықтасуға дайын. Қазіргі таңда онымен рингке шығу үлкен тәуекелмен бірдей. Маған Родригес 500 мың доллардан бас тартты деп хабарлады. Бірақ бұл аз ақша емес. Қазіргі кезде Геннамен жұдырықтасқысы келетіндер саны да аз. Бірақ ол ертең АҚШ-қа танылған кезде, жағдайдың басқаша өзгерері анық. Чемпиондық атақтары үшін олар Головкинді өздері іздеп келетін болады".
Естеңізге салсақ, Геннадий Головкин орта салмақтағы WBA тұжырымының алтын белбеу иегері. Бұл атақ оған 31 жасар австралиялық Даниэль Гилл чемпиондығынан айырылғаннан кейін келді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: vesti.kz