Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен Хорватия елінің астанасы Загребте өтіп жатқан «Golden Spin of Zagreb 2015» халықаралық турнирінде көш бастап келеді. Отандасымыз қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша 94.03 ұпай жинады.
Денис Тен жаңа маусымдағы қысқа бағдарламалық жаттығулары бойынша ең жоғары нәтижесіне қол жеткізіп отыр. Нәтижесінде алғашқы жаттығу қорытындысы бойынша қарсыластарынан 17.53 ұпайға ұзап шықты. Негізінен қазақстандық спортшының қысқа бағдарламадағы үздік нәтижесі – 97.61 ұпай.
Екінші орында тұрған ресейлік Гордей Горшков 76.50 ұпай жинаса, үштікті АҚШ елінің мәнерлеп сырғанаушысы Адам Риппон қорытындылап тұр. Ол қысқа бағдарлама бойынша 72.23 ұпай жинады. Спортшылар еркін бағдарлама бойынша бүгін түнде жарыс жолына шығады.
Айта кетейік, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен Загребтегі турнирдің алдында Германияның Дюссельдорф қаласында өткен «NRW Trophy» халықаралық турнирінде күміс жүлде жеңіп алған болатын.