Чемпиондар Лигасы. Кездесулер алдында...

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Чемпиондар Лигасы. Кездесулер алдында...

Бүгін Чемпиондар Лигасының 1/8 финалы аясындағы алғашқы ойындар жалғасын табады. Лондондық «Арсенал» өз алаңында мюнхендік «Баварияны» қабылдаса, мадридтік «Атлетико» Миланда жергілікті қала атымен аталатын ұжымда қонақта болады.

БӨЛІСУ

 «Арсенал» (Англия) – «Бавария» (Германия)


«Каноноирлердің» топтық кезеңдегі қарсыластары осал бола қойған жоқ. Плей-офф жолдамасы соңғы сәтке дейін таласта болды. Нәтижесінде неапольдық «Наполи» 12 ұпаймен келесі кезеңге өте алмай қалса, дортмундтық «Боруссия» бірінші, «Арсенал» екінші орынды иеленді. Осылайша лондондық ұжымды жеребе екінші жыл қатарынан «Бавариямен» жолын түйістірді. Ал мюнхендік клуб ше? 

Мюнхендік клуб топтық кезеңде «ЦСКА», «Виктория Пльзен» және «Манчестер Сити» командаларымен плей-офф жолдамасын сарапқа салды. 5 кездесуде сенімді түрде жеңіске жетсе, соңғы кездесуін ағылшындық ұжымға қарсы өткізіп, жеңіліс тапты. Бұл жеңіліс, өткен маусым Чемпиондар Лигасындағы «Арсеналдан» өз алаңында жеңілгеннен кейінгі алғашқы есе жіберу болды.

Арсен Венгер командасы ағылшын премьер-лигасының екінші сатысында келеді. Соңғы кездесуін Англия кубогы жолында «Ливерпульге» қарсы өткізіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ал Пеп Гвардиола шәкірттері соңғы кездесуінде «Фрайбургті» 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Және бундеслига көшін бастап келеді.

«Баварияға» қарсы кездесуде лондондық ұжымға жарақаттарына байланысты Аарон Рэмси, Тео Уолкотт, Томас Вермален көмектесе алмаса, Микель Артета ойыннан шеттетілген екен.

Мюнхендік команда құрамында да жарақатына байланысты ойынға шықпайтын ойыншылар жоқ емес, бірнешеуі бар. Олардың бірі – Рибери болса, екіншісі – соңғы ойында жарақат алған Джердан Шакири.

«Арсенал» қатарында Германия құрамасының бірнеше белді футболшысы бар. Жерлестерінің қыр-сырын білетін Месут Озил, Пер Мертезакер, Лукас Подольски және Серж Гнабри секілді ойыншылар гол соғу үшін барын салатыны анық.

Ойын туралы «канонирлердің» бас бапкері Арсен Венгер:

- Өткен маусымда біз өз алаңымызда соқтырып алған голдың кесірінен ғана «Баварияға» есе жібердік. Сондықтан да бүгін гол жібермеуге тырысуымыз қажет. Бір жыл бұрынғы «Арсеналға» қарағанда, қазір команда психологиялық және физикалық тұрғыдан толық дайын.

Ал Пеп Гвардиола:


- Мен Арсен Венгерді құрметтеймін. Оның командасы керемет, оңай қарсылас емес. «Каноноирлердің» жартылай қорғаныста ойнайтын футболшылары мықты. Бүгін біз өткір шабуыл мен қорғанысты басты назарда ұстайтын боламыз.

Кездесу алдындағы командалар құрамы:

"Арсенал": Щесны, Гиббс, Косьильни, Мертезакер, Санья, Фламини, Уилшир, Касорла, Окслейд-Чемберлен, Озил, Жиру.

"Бавария": Нойер, Рафинья, Мартинес, Данте, Алаба, Лам, Швайнштайгер, Гётце, Роббен, Мюллер, Манджукич.

Сонымен бүгін түнгі 1:45-те басталатын кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Арсенал» жеңісіне –4,34 коэффициент, тең ойынға – 4,01 коэффициент, «Бавария» жеңісіне – 1,75 коэффициент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 1:2 немесе 1:3  болып аяқталуы мүмкін деген болжамдар жасалуда.

Жанкүйер қауым асыға күткен кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар. Ойынға италиялық төреші Никола Рицолли қазылық жасайды. Осы маусымда Чемпиондар Лигасының 3 кездесуіне төреші болып, 12 сары қағаз көрсеткен. Жалпы мәлімет бойынша әр ойында 5 сары қағаздан кем көрсетпейді екен.

«Милан» (Италия) – «Атлетико» (Испания)


Бұл маусымда тұңғиыққа батқан «Миланды» құтқаруға Кларенс Зеедорф келген еді. Сонда да команданың ойыны аса түзелмей келеді. Бүгінгі мадридтік «Атлетикоға» да қарсы ойнау алаң иелеріне оңай болмасы анық.

Бұл кездесуде Диего Симеоне шәкірттерінің фаворит екені байқалады. Ла-Лигада алпауыт «Реал» және «Барселонамен» иық тірестіріп келе жатса, «Милан» ішкі біріншлігінде небәрі тоғызыншы орында тұр.

Бүгін бұрын жасыл алаңда бір-біріне қарсылас болған бапкерлер кездеспек. Диего Симеоне мен Кларенс Зеедорф осыған дейін жасыл алаңда бір-біріне қарсы ойынға да шыққан.

«Сан-Сиро» стадионында алаң иелеріне жарақатына байланысты Робиньо, Эль-Шаарави, Бирса, Кристанте, Сапата өнер көрсете алмайды. Ал Сулей Мунтари мен Монтоливо да ойыннан шеттету туралы ескерту бар. Ал қонақтар қатарынан жарақатына байланысты Тьяго, Филипе Луис, Хави Манкильо алаңға шықпайды.

Кездесу алдындағы командалар құрамы:

«Милан» (4-2-3-1): Аббьяти — Бонера, Де Шильо, Рами, Эммануэлсон — де Йонг, Эссьен, Таарабт, Кака, Поли — Балотелли.

«Атлетико» (4-4-2): Куртуа — Алдервейрельд, Инсуа, Годин, Хуанфран — Коке, Габи, Диего, Туран — Коста, Вилья.

Букмекерлік орталықтар «Милан» жеңісіне –3,4 коэффициент, тең ойынға – 3,31 коэффициент, «Атлетико» жеңісіне – 2, 21 коэффициент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 1:2 болып аяқталуы мүмкін деген болжамдар жасалуда.

Кездесудің жазба нұсқасын түнгі 03:00-де «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com, sports.ru, eurosport.ru