Бүгін түнде футболдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы соңғы ойындар өтеді. Каталондық «Барселона» өз алаңында ағылшындық «Манчестер Ситиді» қабылдаса, дортмундтық «Боруссия» өз алаңында «Ювентуспен» ширек финал жолдамасын сарапқа салады.
Юрген Клопп командасының маусымдағы соңғы мүмкіндігі
Юрген Клопп жаттықтыратын дортмундтық «Боруссия» бір маусымда құлдырап кетті. Бундеслигада сәтсіз өнер көрсетті. Бірақ, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде барын салып, келесі кезеңге өтті. Жеребе қорытындысында туриндік «Ювентуспен» жолы түйісті.
Бірінші ойында неміс ұжымы тәуір ойнағанмен, алаң иелері жеңісті өздерінде сақтап қалды. Ойын 2:1 есебімен туриндік клуб пайдасына шешілген болатын. Сырт алаңда соққан гол бүгін «Боруссияға» көмектесуі мүмкін. Өйткені, алаң иелері бір доп басымдығымен жеңіске жетсе ширек финалға шығатын болады.
Негізінен «Боруссия д» бундеслигада дұрыс ойнай алмағанмен, Чемпиондар лигасында тәуір өнер көрсетеді. Көптеген спорт сарапшылары бүгін алаң иелерінің ширек финалға шығуға мүмкіндігін жоғары деп бағалауда. Қонақтар сапынан Андреа Пирло ойынға қатыспаса, алаң иелері қатарынан Гейнрих Мхитарянның ойнау-ойнамауы белгісіз қалып отыр.
«Ювентус» тек шабуылды ғана басты назарға алып ойнайтын командалар қатарынан емес. Қорғанысты да ұмытпайды. Мұны топтық кезеңдегі нәтижесінен қарап байқауға болады. Бірақ, бүгін «Боруссия» бірінші нөмірмен өнер көрсетуі тиіс.
Сонымен бүгін түнгі 01:45-те басталатын кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Боруссия д» жеңісіне – 2,23 коэффициент, тең ойынға – 3,44 коэффициент, «Ювентус» жеңісіне –3,44 коэффициент беріп отыр.
Жанкүйер қауым асыға күткен кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар. Ойынға серб төрешісі Милорад Мажич қазылық жасайды.
«Манчестер Сити» - Англияның соңғы үміті
Луис Энрике жаттықтыратын «Барселона» бірінші ойында 1:2 есебімен жеңіске жетті. Өз алаңында есе жіберген «Манчестер Ситидің» ширек финалға шығуы қиын екені анық. Каталондық клубтан ұтылғаннан кейін үш ойын өткізген «қалалықтар» екеуінде жеңіліс тапты. Соңғы ойындары сүреңсіз өтуде. Мануэль Пеллегрини ұстанған жүйе өз жемісін берер емес.
Каталондық клуб соңғы 5 ойынында қатарынан жеңіске жетіп келеді. 6 ойында 2 голдан кем соқпаған. Өткен маусымда «Манчестер Ситиді» екі ойында да жеңіп, жарыс жолынан шығарған болатын.
«Камп Ноуда» өтетін ойында қай клубтың фаворит екені айтпаса да белгілі. Нағыз бабында жүрген Месси, Неймар және Суарес триосы бүгін белсенері даусыз. Аргентиналық сұрмерген гол соғатын болса Чемпиондар лигасының мергендер көшіндегі рекордын жаңартатын болады.
Сонымен бүгін түнгі 01:45-те басталатын кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Барселона» жеңісіне – 1,42 коэффициент, тең ойынға – 5,38 коэффициент, «Манчестер Сити» жеңісіне – 7,07 коэффициент беріп отыр.
Айта кетейік, «Манчестер Сити» Чемпиондар лигасында қалған жалғыз клуб. Осыған дейін лондондық «Челси» мен «Арсенал» жарысты аяқтаған болатын.
Сурет: AFP, Getty Images
Оқи отырыңыз
Чемпиондар лигасы. «Атлетико» мен «Монако» ширек финалға шықты (видео)
Футболдағы ХХІ ғасырдың ең үздік покер орындаушылары (видео)
"Барселона" футболшыларының жалақылары қанша?
«Барселона» ойыншылары футболдан өзге қандай кәсіппен айналысады?