Бокстан Тайланд елінің астанасы Бангкокта өтіп жатқан Азия чемпионатында Бек Нұрмағанбет пен Санатәлі Төлтаев жартылай финалға шықты.
Ширек финалда 81 кило салмақта Бек Нұрмағанбет өзбек боксшысы Дильшодбек Рузметовтен басым болды. Отандасымыз төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті.
20 жастағы Бек ересектер арасындағы Азия чемпионатына алғаш рет қатысуда. Жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
64 кило салмақта Санатәлі Төлтаев жартылай финалға шықты. Ол ширек финалда ирандық Максуд Мал Амириге мықтылығын мойындатты.
Қыздар арасында Алуа Балқыбекова (48 кило) филиппиндік Джози Гарбукоға төрешілер шешімі бойынша есе жіберіп, жүлделі орынға іліге алмады.
Айта кетейік, бүгін шаршы алаңға шыққан боксшыларымыздың арасында Теміртас Жүсіпов пен Дариға Шәкімова жартылай финалға шыққан болатын. Ал әлем чемпионы Қайрат Ералиев жарысты ширек финалда аяқтады.