Ауыр атлетикадан Азия чемпионаты қыркүйек айында Таиландтың батысында орналасқан Пхукет аймағында өтетін болды. Бұл туралы Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) ресми сайты хабарлап отыр.
Ауыр атлетикадан 2015 жылғы Азия чемпионаты шілде айының соңында Непалда өтуі тиіс болатын. Бірақ ірі зілзаладан зардап шеккен ел бұл доданы өткізуден бас тартқан-ды. Азия ауыр атлетика федерациясы (AWF) мен Таиланд ауыр атлетика федерациясы (TAWA) өзара келісімге келіп, биылғы доданы Пхукетте өткізуге шешім қабылдады. Нәтижесінде шілде айында өтуі тиіс болған жарыс қыркүйек айына шегерілді. Пхукеттегі алыптардың айқасы 3-12 қыркүйек аралығында өтетін болды. Сонымен қатар, бұл уақыт аралығында Самоа елінің астанасы Апиада студенттер арасында әлем чемпионаты да байрағын желбіретеді.
Айта кетейік, биылғы Азия чемпионатында 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына лицензиялық ұпайлар таратылады. Қазақстан құрамасы да белді спортшыларын апаруды жоспарлап отыр. Додаға баратын спортшылар 26-28 мамыр аралығында Қарағандыда өтетін Анатолий Храпатыйды еске алуға арналған турнирде іріктелетіні туралы хабарлаған болатынбыз.