Астанадағы ұлттық мұрағатқа аты аңызға айналған ауыр атлет, Олимпиада чемпионы Анатолий Храпатыйдың жеке құжаттары тапсырылды. Атақты спортшы осыдан 4 жылдан астам уақыт бұрын, Пекин Олимпиадасы алдында көлік апатына ұшырап, мерт болған еді.
Мұрағаттағы бес бөлімнен тұратын көрмеге спортшының 70-тен астам сирек кездесетін құжаттары қойылды. Салтанатты жиынға 1988 жылғы Олимпиада чемпионы, 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының күміс жүлдегері Анатолий Храпатыйдың туған-туыстары, жаттықтырушылары мен ізбасарлары да қатысты. Жиын барысында 20 жылдан кейін даңқты спортшының ерлігін қайталаған, ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин сөз сөйлеп, Пекин Олимпиадасындағы жеңісін Храпатыйға арнағанын айтты.
Айта кетейік, Илья Ильин Анатолий Храпатыйдың қазасынан кейін бір апта өткенде ауыр атлетикадан Тауелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы алтынды иеленген болатын.
Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ
Сурет: narod.ru