IBF, WBA және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына (79,38 кг салмақта) америкалық боксшы Андре Уорд спорттық мансабын аяқтады. Бұл туралы боксшы өзінің ресми сайтында хабарлады.
- Борышым аяқталды. 10 жыл серігім болған боксты жақсы көремін. Маған қолдау білдірген барша жанкүйерлеріме шын жүректен алғысымды білдіремін. Бұдан кейінгі жекпе-жектерге қауқарым жетпейтін секілді. Себебі шаршы алаңға тағы шығуға ықыласым жоқ, - деп жазған боксшы.
Андре Уорд кәсіпқой бокстағы мансабын 2004 жылы бастаған. Одан бергі аралықта 32 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 16-да қарсыласын уақытынан бұрын жеңіп шыққан. Сондай-ақ кәсіпқой бокс тарихында спорттық мансабын жеңілмей аяқтаған үшінші боксшы атанып отыр. Андреге дейін америкалық Рокки Марчиано (49 жекпе-жек, 43-і нокаут) мен Флойд Мейвезер-кішісі (50 жекпе-жек, 27-сі нокаут) де өз мансаптарында ешқашан жеңілмеген.
Америкалық боксшы соңғы екі жекпе-жегін де ресейлік боксшы Сергей Ковалевке қарсы өткізді. 2016 жылы америкалық боксшы ұпай санымен жеңіске жетсе, биыл қарсыласын 8 раундта нокаутпен жеңген болатын.
Андре Уорд Геннадий Головкиннің қарсыласы атануы мүмкін боксшылар санатында екені талай рет айтылды. Дегенмен қос боксшының шаршы алаңда жолы түйіскен жоқ.