Су спорты түрлерінен Кванджуда (Оңтүстік Корея) өтіп жатқан әлем чемпионатында 200 метрге брасс әдісімен жүзуден финалдық бәсеке аяқталды. Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин жүлделі орынға ілікпей, 7-орын алды.
200 метрге брасс әдісімен жүзуде ресейлік Антон Чипков топ жарды. Ол аталған қашықтықты 2 минут 06,12 секундта жүзіп өтіп, әлем рекордын жаңартты. Осыған дейін Иппэй Ватанабэ және Мэттью Уилсонға (екеуінің де көрсеткіші – 2.06,67) тиесілі болған нәтижені басып озды.
Антон Чипков 2017 жылы дәл осы қашықтық бойынша Будапештте өткен әлем чемпионатында да алтын алған.
Кванджуда күміс медальды аустралиялық Мэттью Уилсон (2:06.68) еншіледі. Қола медальды жапон Иппэй Ватанабэ (2:06.73) тағынды.
Дмитрий Баландин 2:08.25 минут уақыт көрсеткішімен 7-орын алды. Ол 2016 жылы дәл осы 200 метрге брасс әдісімен жүзуде Олимпиада чемпионы атанған болатын.
Қазақстандық спортшы Олимпиада ойындарына дайындықты енді бастады. Ол Қазақстан ҰОК арнайы жобасы аясында әйгілі америкалық маман Дэйв Салоның қоластында АҚШ-та жаттығуда.