Бүкіләлемдік бокс кеңесі орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес (49-1-1, 34 КО) арасындағы екінші кездесуге де арнайы белбеу дайындайды.
- 5 мамырда өтетін жекпе-жекке жаңа белбеу дайындап жатырмыз. Белбеу Адольфо Лопес Матеос (Мексиканың бұрынғы президенті) құрметіне арнап шығарамыз. Өткен жолы бізде "Уичоли" деген (үнді тайпаларының құрметіне) керемет белбеу болған еді. Бұл жолы да әдемі белбеу жасаймыз", - деген WBC президенті Маурисио Сулейман BoxingScene.com порталы жазған ақпаратта.
WBC өткен жылдың 16 қыркүйегінде Лас-Вегаста өткен GGG мен "Канело" арасындағы бірінші кездесуге де арнайы белбеу жасаған болатын. Кездесу тең аяқталғанына қарамастан Маурисио Сулейман бұл белбеуді қазақстандық боксшыға берген еді.
Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы екінші кездесу 5 мамыр күні өтеді. Бірақ жекпе-жектің қайда өтетіні әзірге белгісіз.