Дүниежүзілік бокс сериясы аясында (WSB) «Astana Arlans» алтыншы кездесуін кеше сырт аренада әзірбайжандық «Baku Fires» клубымен өткізіп, 4:1 есебімен жеңіліс тапты. Жерлестеріміздің сапынан тек ирандық легионер Эхсан Рузбахани ғана қарсыласын сұлатып, өз мықтылығын тағы бір дәлелдеді.
Алғаш болып шаршы алаңға көтерілген Ілияс Сүлейменов бірден қарсыласы Эльвин Мамишзаданың тегеурініне тап болды. «Өз үйім – өлең төсегім» деп көсілген әзірбайжан боксшысын жерлесіміз екінші раундта сабасына түсірген-ді. Соңынан сылбырлық танытқан Ілияс «Арландар» сапындағы алғашқы кездесуінде жеңіліс тапты.
Екінші болып рингке шыққан команда капитаны Самат Башенов Альберт Селимовтың мықты екенін бірден-ақ мойындады. Әзірбайжан боксшысы қорғаныста жүріп, қарсыласын оңтайлы сәттерде дөп соққыларымен күтіп алумен болды. Бес раунд та Альберттің айқын басымдылығымен өтті.
«Astana Arlans» сапындағы екінші кездесуіне шыққан Мейірім Нұрсұлтанов Йокхан Рамашкевичпен тәп-тәуір жұдырықтасты. Жерлесіміздің басымдығы байқалып-ақ тұрды. Дегенмен төрешілер жеңісті шаршы алаң иелерінің еншісіне жазды.
Төртінші болып жұдырықтасқан «Astana Arlans» легионері Эхсан Рузбахани қарсыласы Рамазан Магомедовты екінші раундта-ақ сұлатып салды. Төрешілер үшін жеңістің осы түрі ғана біздің еншімізге саналды.
Соңғы болып шаршы алаңға көтерілген ауыр салмақтағы тәжірибелі Руслан Мырсатаевтың Хаджи Муртузалиевке шамасы жетпеді. Осылайша есеп 4:1 есебімен «Baku Fires» пайдасына шешілді. Әзірбайжандық команда Алматыда кеткен есесін қайтарды.
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com