"Астана" "Спортингке" қарсы бірінші ойында ұтылып қалды

Нұржамал Үсенова Корреспондент
"Астана" "Спортингке" қарсы бірінші ойында ұтылып қалды
Фото ©️ Тұрар Қазанғапов

Футболдан Еуропа лигасының 1/16 финалындағы "Спортингке" қарсы бірінші ойында "Астана" қарсыластарына есе жіберді. "Астана Аренада" өткен ойында қонақтар 3:1 есебімен басымдығын танытып кетті.

БӨЛІСУ

Станимир Стойлов шәкірттері бірінші таймда лиссабондық клубты ұтып-ақ шықты. 7 минутта Игорь Шитовтың тамаша пасынан кейін Марин Томасов есеп ашты.

Ойынның бірінші таймы аяқталар тұста "Спортинг" сапынан Сейду Думбия, "Астанадан" Марин Аничич гол соққан. Екі сәтте де футболшылардың соққан голы есепке алынбады. Қапталдағы төреші ойыннан тыс қалғанын көрсетті.

Екінші тайм "Астана" ойыншылары үшін сәтсіз болды. Бар-жоғы 7 минут ішінде өз қақпаларына үш гол соқтырып алды. Алдымен 48 минутта Бруно Фернандеш пенальтиден таразы басын теңестірді. Бұл тұста Юрий Логвиненко қолмен ойнағаны үшін сары қағаз алды. Араға 2 минут сала Желсон Мартинш португалдық ұжымды есепте алға шығарды. Ал 56 минутта Сейду Думбия өз командасының ойындағы үшінші голын соқты.

62 минутта Юрий Логвиненко екінші сары қағазын алып, "Астананы" 10 ойыншымен қалдырды. Ойын есебі сақталып, "Спортинг" алғашқы ойында жеңіске жетті. Қарымта кездесу бір аптадан кейін Лиссабонда өтеді.

Айта кетейік, "Астана" биыл алғаш рет Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шықты.