Головкин мен Альварес екінші рет жұдырықтасады

О Сансызбай Корреспондент
Головкин мен Альварес екінші рет жұдырықтасады
Фото ©️ постер

Орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин мен мексикалық боксшы Сауль Канело Альварес екінші рет жұдырықтасатын болды. Қос тарап кездесу өткізу жайлы келісімге келді.

БӨЛІСУ

Жекпе-жектің 5 мамырда өтетіні жайлы боксшылар, промоутерлері мен НВО телеарнасы хабарлады. Америкалық арна бокс кешін ақылы көрсетелім (РРV) бойынша таратады.

Жекпе-жекте қазақстандық боксшы барлық чемпиондық атағын бәске тігеді. Ал мексикалық The Ring журналының үздік боксшысы атағын қорғайды.

5 мамыр – мексикалықтар үшін айрышқа күн. Бұл күні олар ұлттық мерекесі Синке де Майоны атап өтеді. 1862 жылдың осы күні Мексика әскері Пуэбла қаласында француз әскерін жеңген. Бұл күні Мексикада түрлі фестивальдар мен карнавалдар ұйымдастырылады. Кей өңірлерінде бір аптаға дейін тойланады.

- Бұл – шындық. Осы жолы төрешілер кедергі бола алмайды! - деп жазды Головкин twitter желісінде.

- Уақыт келді. Біз дайынбыз. 5 мамырда кездескенше! - деді Альварес.

- Бұл жолы төрешілер шешпейді. #CaneloGGG2, 5 мамыр, бұл - ресми!" - деп хабарлады Golden Boy промоутерлік компаниясы.

- 12 раунд аз болды. 5 мамыр. 2018 жыл. #CaneloGGG2", - деп жазды HBO телеарнасы. 

Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы алғашқы кездесу 16 қыркүйекте Лас-Вегаста өткен болатын. Төрешілер шешімі бойынша боксшылар тең түскен-ді.

Қос боксшы арасындағы екінші жекпе-жек қайда өтетіні әзірге белгісіз. Лас-Вегас, Нью-Йорк және Даллас қалаларының бірінде өтуі бек мүмкін.