"Барыс" легионерлерімен қош айтысады – БАҚ

О Сансызбай Корреспондент
"Барыс" легионерлерімен қош айтысады – БАҚ
Фото ©️ "Барыс" ХК

Ресейдің "Советский спорт" басылымы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойындарына өз шолуларын ұсынды. "Барыс "командасының сырт алаңдағы ойындарға үш легионерін алып шықпау себебін де түсіндірді.

БӨЛІСУ

- Бүгінгі дау. "Барыс" командасы легионерлерімен қош айтысады. Астанадағы "Жұлдыздар матчы" да қазақстандық команданы серпілте алмады. Одан да қызығы! Команда канадалық легионерлері Линден Вей, Мэть Фреттин мен Джеймс Райтты сырт алаңдағы ойындарға алып шыққан жоқ, - деп жазады басылым.

Кеше кеште елордалық команда Шығыс конференцияда соңғы орындардың бірінде келе жатқан "Лада" командасынан ұтылды. Негізгі уақытта 3:3 есебімен тең ойнап, овертаймда мұз айдын иелері шайба соғып кетті. Бұл ойынға команданың канадалық үш легионері қатысқан жоқ. Хоккейшілерге қатысты Ғалым Мамбеталиев тілшілер сұрағына жауап берді.

- Олар жақын уақытта команда сапына қосылмайды. Мұз айдында көбірек уақыт өткізгенмен, жоғары нәтижелері көзге ұрмай тұр. Одан да жас хоккейшілерге мүмкіндік беруді жөн санап жатырмыз, - деді командада бас жаттықтырушының қызметін атқарушы маман.

Айта кетейік, соңғы екі ай ішінде "Барыстың" басына бұлт үйірілді. 20 ойында бар болғаны екі-ақ рет жеңіске жетті. 51 ойыннан кейін 64 ұпай жинап, Шығыс конференцияда 9-орында тұр. Жарыстың плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігі аз.