"Сетанта Қазақстан" арнасы NHL және NBA ойындарын көрермендеріне қазақ тілінде ұсынады

О Сансызбай Корреспондент
"Сетанта Қазақстан" арнасы NHL және NBA ойындарын көрермендеріне қазақ тілінде ұсынады
Фото ©️ massaget.kz

Еліміздегі "Сетанта Қазақстан" спорттық арнасы жаңа маусымда көрермендерін тың жобаларымен қуантпақ. Бүгін телеарна өкілдері тілшілермен кездесіп, алға қойған жоспарларымен бөлісті.

БӨЛІСУ

Қазақстанға арнайы келген "Setanta Sports Eurasia" жобасының негізін қалаушы Дуайр МакКохли арнаның алдағы жұмыс жоспарымен таныстырып, тілшілер сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ "Қайрат" футбол клубымен келісім жасауға келгенін де тілге тиек ете кетті.

- Біз 25 жылдан бері жұмыс жасап келеміз. Осы уақыт аралығында Оңтүстік Америкадан өзге құрлықтардың барлығында арна қызметін дамыттық. Әлемдегі ең үздік спорттық шаралардың көрермендерге тікелей эфирде ұсынып келеміз.

Қазақстанда үш арна бойынша жұмыс жасаудамыз. Олардың барлығы тәулік бойы хабар таратады. Жақында Ұлттық хоккей лигасы (NHL) басталады. Біз оны тікелей эфирде ұсынатын боламыз. Одан өзге Қазақстанда алғаш рет АҚШ-тың Жоғарғы баскетбол лигасы (NBA) тікелей эфирде ұсынылмақ. Сондай-ақ қайталау ойындары мен бағдарламалар да болады. Ал эфир қазақ тілінде жүргізіледі, - деді Дуайр МакКохли.

- Ұлттық хоккей лигасы (NHL) мен Жоғарғы баскетбол лигасының (NBA) ойындары "Сетанта Қазақстан" арнасында таза қазақ тілінде көрермендерге ұсынылатын болады. Бұл – өте жақсы бастама. Арнаның негізгі бағыты – ұлттық тілде спорттық іс-шараларды көрермендер назарына ұсыну. Ұлттық спорт түрлеріне де көңіл бөліп, насихаттайтын боламыз. Жаңа маусымда Алматы университеттерінің командалары арасында ұлттық спорт ойыны – «Жастар көкпар лигасын» көрермендерге ұсынамыз, - деді телеарнаның редакторы, белгілі комментатор Ержан Көшкінбаев.

Айта кетейік, қазіргі таңда "Сетанта Қазақстан" арнасы әлемдік деңгейдегі бокс жекпе-жектерін көп көрсете бермейді. Дуайр МакКохлидің айтуы бойынша, алдағы уақытта бокс көрсетілімдерін де көрермендеріне ұсыну жоспарларында бар екен. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында айта кетті.

- Мен өзім Ирландиядан боламын. Біздің ел Қазақстан секілді әлемдегі жауынгер халықтардың қатарына кіреді. Біз сіздердің боксшыларыңызды сыйлаймыз. Геннадий Головкиннің жанкүйеріміз. Біз боксты, UFC жекпе-жектерін жақсы көреміз. Қазақстанда чемпиондық атаққа қол жеткізген талай боксшылар барында білеміз. Сондықтан бокс жекпе-жектерін көрсету үшін түрлі жолдарды қарастырудамыз. Алдағы уақытта Головкиннің, өзге де боксшылардың жекпе-жегін көрсетуіміз бек мүмкін, - деді.

"Сетанта Қазақстан" арнасы алдағы Жанат Жақиянов пен Райан Барнетт арасындағы жекпе-жекті де тікелей эфирде көрермендер назарына ұсынуы мүмкін.

- Иә, мұны сіздер де күтіп жүрген екенсіздер? Бұл Белфаст үшін үлкен оқиға. Бұл жекпе-жекті тікелей эфирде көрсету үшін күш саламын. Барнеттің командасымен тығыз байланыстамыз. Біз Райанның фанатымыз. Сондықтан да бұл жекпе-жекті көрсетуга жол табылады деп ойлаймын. Керемет жекпе-жек болмақ. Асыға күтудемін. Мықтысы жеңіске жетсін, - деді Дуайр МакКохли.

Сонымен бірге, телеарна киберспортты дамытуға да үлкен көңіл бөлуде. 2017 жылдың қазанында «Сетанта Қазақстан»  арнасы «FIFA 18» футбол ойын симуляторы аясындағы тұрақты кәсіпқой лиганы іске қосқалы отыр. Сайыстардың трансляциясы кәсіпқой спорт комментаторларының қатысуымен өтеді. Лигаға Қазақстанның ең үлкен 16 қаласынан ойыншылар қатысып, олар бүкіл маусым бойы республика чемпионы атану үшін бәсекеге түседі, ал жеңімпаздар кейін халықаралық ресми жарыстарда Қазақстан атынан қатысуға мүмкіндік алмақ.

Айта кетейік, бүгін "Сетанта Қазақстан" арнасы мен «Forbes Kazakhstan» іскерлік журналы Алматыда "Forbes Golf Cup 2017" гольф жарысын ұйымдастырды. Бұл жарысқа қатысқандардың жарналары мүмкіндігі шектеулі балалар арасында спортты дамыту үшін «Дара» қайырымдылық қорына табысталатын болады.