ӘЧ-2017. Бүгін қазақ боксшыларының барлығы шаршы алаңға шығады

О Сансызбай Корреспондент
ӘЧ-2017. Бүгін қазақ боксшыларының барлығы шаршы алаңға шығады
Фото ©️ Данияр Майлыбаев

Бокстан Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында 7 қазақ боксшысы ширек финалға шықты. Олардың барлығы бүгін жартылай финал үшін өтетін жекпе-жекке шығады.

БӨЛІСУ

Ширек финалға шыққан боксшылар саны бойынша Өзбекстан құрамасы алда тұр. Олардың 9 боксшысы жарысты жалғастырады. Бір боксшысы отандасымыз Қайрат Ералиевтен (56 келі) жеңіліп, жарысты аяқтаған еді. Кубалық 8 боксшы ширек финалға шыққан. Германиядан – 6, Ресей, АҚШ, Колумбия, Моңғолия және Ұлыбритания елдерінен 4 боксшы ширек финалға өтті.

Ширек финалдағы қазақ боксшыларының қарсыластары осал емес. Жомарт Ержанның қарсыласы Василий Егоров 2015 жылы Дохада өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ал 75 келіге дейінгі салмақта Әбілхан Аманқұл Рио Олимпиадасының чемпионы, 2015 жылғы әлем чемпионатында топ жарған кубалық Арлен Лопеспен жұдырықтасады.

81 келіге дейінгі салмақта Ерік Әлжанов Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері өзбек Бектемір Меликузиевпен кездеседі. Осы жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатының финалында Ерік осы өзбек боксшысына есе жіберген еді. Қамшыбек Қоңқабаев пен Баходир Жалолов бір-бірінің қыр-сырын жақсы білетін боксшылар. Биылдың өзінде шаршы алаңда екі рет кездесіп үлгерді. WSB жобасы аясындағы жекпе-жекте (ақпан айында) Қамшыбек жеңсе, Ташкенттегі Азия чемпионатында Баходир басым түскен еді. Ал бірер жыл бұрын Болгариядағы "Strandja" халықаралық турнирінің финалында отандасымыз өзбек боксшысын нокаутпен ұтқан болатын.

Күндізгі жекпе-жектер (Астана уақытымен сағат 19:00-де басталады)

49 келі. 1/4 финал. Жомарт Ержан (Қазақстан) — Василий Егоров (Ресей)
56 келі. 1/4 финал. Қайрат Ералиев (Қазақстан) — Омар Эль-Хаг (Германия)
75 келі. 1/4 финал. Әбілхан Аманқұл (Қазақстан) — Арлен Лопес (Куба)
91 келі. 1/4 финал. Василий Левит (Қазақстан) — Джейсон Уотели (Австралия)

Кешкі жекпе-жектер (Астана уақытымен сағат 23:00-де басталады)

69 келі. 1/4 финал. Абылайхан Жүсіпов (Қазақстан) — Габриэль Маэстре Перес (Венесуэла)
81 келі. 1/4 финал. Ерік Әлжанов (Қазақстан) — Бектемір Меликузиев (Өзбекстан)
+91 келі. 1/4 финал. Қамшыбек Қоңкабаев (Қазақстан) — Баходыр Жалолов (Өзбекстан).

Әлем чемпионатының ширек финалындағы жекпе-жектерді "Qazsport" арнасы тікелей эфирде көрсететін болады.