Мейрамбек Айнағұлов - күміс жүлдегер

О Сансызбай Корреспондент
Мейрамбек Айнағұлов - күміс жүлдегер
Фото ©️ vk.com

Күрес түрлерінен Парижде өтіп жатқан әлем чемпионатында Мейрамбек Айнағұлов күміс жүлдегер атанды. Отандасымыз финалда жапон балуанына жол беріп алды.

БӨЛІСУ

Грек-рим күресінен 59 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын отандасымыз бірінші белдесуінде мысырлық Мустафа Хассан Абделал Мұхамедті 4:1 есебімен жеңіп шықты. 1/8 финалда үнді балуаны Гианандер Гианандерге айқын басымдығын танытты. Ширек финалда украин балуаны Дмитро Цумбалюктан 7:5 есебімен айласын асырды.

Жартылай финалда отандасымыз кәріс балуаны Ким Сион Хакпен белдесті. Алғашқы минуттарда қарсыласы ұпай көрсеткіші бойынша алға озғанмен, Мейрамбек міз бақпады. Өз сәтін күтіп, кәріс балуанын 4:2 есебімен жеңіп шықты.

Ал финалда Мейрамбек Кенхиро Фумитамен кездесті. Орайы түскенде айта кетейік, біздің балуан "күн шығыс" елінің балуынымен Азия біріншілігінің финалында кездесіп, жеңілген еді. 

Бұл жолы да Мейрамбек Айнағұловтың асығы алшысынан түспеді. Белбесудің 3-минутына дейін отандасымыз 1:0 есебімен алда келе жатқан. Бірақ 4 минутта жапон балуаны екі ұпай алып, алға шықты. Сөйтіп осы нәтижені белдесудің соңына дейін ұстап қалып, әлем чемпионы атанды. Ал Айнағұлов болса өзінің қатысып отырған бірінші әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды. 

Айта кетейік, осыған дейін 71 келіге дейінгі салмақта Демеу Жадыраев күміс медальға ие болған еді.