Мейрамбек Айнағұлов әлем чемпионатының финалына шықты

О Сансызбай Корреспондент
Мейрамбек Айнағұлов әлем чемпионатының финалына шықты
Фото ©️ скриншот

Күрес түрлерінен Парижде өтіп жатқан әлем чемпионатында Мейрамбек Айнағұлов финалға шықты. Грек-рим күресінен 59 келіге дейінгі салмақта жарыс жолына шыққан отандасымыз бірер сағаттан кейін алтын жүлде үшін белдесетін болады.

БӨЛІСУ

Мейрамбек бірінші белдесуінде мысырлық Мустафа Хассан Абделал Мұхамедті 4:1 есебімен жеңіп шықты. 1/8 финалда үнді балуаны Гианандер Гианандерге айқын басымдығын танытты. Ширек финалда украин балуаны Дмитро Цумбалюктан 7:5 есебімен айласын асырды.

Жартылай финалда отандасымыз кәріс балуаны Ким Сион Хакпен белдесті. Алғашқы минуттарда қарсыласы ұпай көрсеткіші бойынша алға озғанмен, Мейрамбек міз бақпады. Өз сәтін күтіп, кәріс балуанын 4:2 есебімен жеңіп шықты.

Финалда Мейрамбек Айнағұлов жапон балуаны Кенхиро Фумитамен әлем чемпионы атағына таласатын болады. Белдесу Астана уақытымен сағат 23:00-де басталады.

Айта кетейік, кеше 71 келіге дейінгі салмақта Демеу Жадыраев күміс медальға ие болған еді.