Василий Левит пен Ерік Әлжанов финалға шықты

О Сансызбай Корреспондент
Василий Левит пен Ерік Әлжанов финалға шықты
Фото ©️ Данияр Майлыбаев

Бокстан Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатының финалына екі боксшымыз шықты. Төрт боксшымыз жартылай финалда қарсыластарына есе жіберіп алды.

БӨЛІСУ

52 келіге дейінгі салмақта Азамат Исақұлов өзбек боксшысы Жасурбек Латиповке жол берді. Отандасымыз бұл жекпе-жекте осалдық танытқан жоқ. Тең дәрежеде өткен кездесуде төрешілер шаршы алаң иесін жеңімпаз ретінде таныды.

56 келіге дейінгі салмақта Қайрат Ералиев те финалға шыға алмады. Ол жартылай финалда Қытай боксшысы Жиа Вей Чжанға ұтылды.

75 келіге дейінгі салмақта Әбілхан Аманқұл өзбек Исроил Мадримовпен кездесіп, финалға шыға алмады. Үшінші раундта қарсыласы жарақат алып, төреші жекпе-жекті тоқтатты. Ал соған дейінгі соққылар саны бойынша төрешілер өзбек боксшысын жеңімпаз ретінде таныды.

64 келіге дейінгі салмақта Бекдәулет Ибрагимов та шаршы алаң иесіне ұтылды. Төрешілер бұл кездесуде Икболжон Холдаровқа жеңісті берді.

Жартылай финалда жеңілген төрт боксшымыз қола жүлдегер атанды. Гамбургте өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.

81 келіге дейінгі салмақта Ерік Әлжанов жартылай финалда Түрікменстан елінің боксшысы Нурягды Нурядиевті ұтып, финалға шықты. Қарсыласы бірінші раундта жарақат алып, соған дейінгі соққылар саны бойынша отандасымыз жеңіске жетті.

91 келіге дейінгі салмақта Василий Левит те қарсыласын бірінші раундта ұтты. Сириялық боксшы Алаа Елдин Госсун жарақатына байланысты жекпе-жекті жалғастыра алмады.

Алдағы уақытта 69 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жүсіпов пен 91 келіден жоғары салмақта Қамшыбек Қоңқабаев шаршы алаңға шығады.