Геннадий Головкин Келл Брукты бесінші раундта жеңді (видео)

О Сансызбай Корреспондент
Геннадий Головкин Келл Брукты бесінші раундта жеңді (видео)
Фото ©️ GGG вконтакте

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин спорттық мансабындағы 36-шы жекпе-жегін Лондонда британдық Келл Брукке қарсы өткізіп, бесінші раундта жеңді. 

БӨЛІСУ

Бірінші раундтан-ақ GGG бірден шабуылға шықты. Шаршы алаңда ширақ қимылдап, қарсыластың қауқарын байқап көрді. Бірнеше соққысы Келл Бруктың бүйрек тұсына дөп тиіп, британдықты бір есеңгіретті де. Екінші раундта Гена айылын жиып, қарсыласының осал тұсын аңдап алуға кірісті. Ал үшінші раундтағы Генаның жойқын соққысы, Келл Бруктың қабағын жарақаттады. 

Ал төртінші және бесінші раундта қазақстандық боксшыдан ауыр соққылар алған Келл Брук шаршы алаңда теңселіп жүрді. Мұны аңғарған британдық боксшының жаттықтырушылары жекпе-жекті тоқтатуды өтініп, ақ орамал тастады. Нәтижесінде отандасымыз өзінің чемпиондық атақтарын қорғап, техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Орта салмақтағы бірінші жекпе-жегін өткізген Келл Брук спорттық мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Осыған дейін 36 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен еді.

«О2» аренадағы жекпе-жекті танымал тұлғалар да келіп тамашалады. Олардың қатарында "Манчестер Юнайтед" сапында өнер көрсетіп жүрген Златан Ибрагимович те болды.

GGG орта салмақта IBO чемпиондық белбеуін он төртінші рет, IBF чемпиондық белбеуін екінші рет, WBC чемпиондық атағын алғаш рет абыроймен қорғап шықты. 

Геннадий Головкин жекпе-жектен кейін қолдау білдірген барша жанкүйерлеріне алғысын білдірді.