Ирландиялық боксшы Головкинмен жұдырықтасқысы келеді

О Сансызбай Корреспондент
Ирландиялық боксшы Головкинмен жұдырықтасқысы келеді
Фото ©️ irishmirror.ie

Ирландиялық кәсіпқой боксшы Джейсон Куигли (11-0, 9 КО) келешекте орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие қазақстандық Геннадий Головкинмен жұдырықтасуды қалайтынын мәлімдеді.

БӨЛІСУ

Джейсон Куигли осыған дейінгі 11 жекпе-жегін де АҚШ жерінде өткізген. Барлығында жеңіске жеткен. Келер жылы боксшы өз елінде Геннадий Головкинмен жұдырықтасқысы келеді екен. Сондай-ақ ол жұдырықтасқысы келетін боксшылардың қатарында мексикалық Сауль «Канело» Альварес те бар екен.

- «Croke Park» стадионында Головкинмен жұдырықтасар болсам, керемет болар еді. Бұл – менің арманым. Оған жету жолында тер төгіп келемін, - деген Джейсон Куигли.

Алайда ирландиялық боксшы Геннадий Головкин мен Сауль Альвареске қарсы жекпе-жек өткізуге асықпайтынын айтқан.

- Олар – әлем чемпиондары. Ал мен енді ғана анылып келе жатқан боксшылардың бірімін. Мен кәсіпқой боксқа бірнеше жекпе-жек өткізіп, ақша табу үшін келген жоқпын. Мен барлық чемпиондық атақты иеленген кәсіпқой боксшы болғым келеді.

Олар менің нысанамда. Бірақ қазір Головкин және «Канеломен» жұдырықасатын уақыт емес. Мен 11 жекпе-жегімде бір-ақ рет 10 раундтық жекпе-жек өткіздім. Маған әлі дайындық пен тәжірибе керек. Головкин «Канело» секілді әлемдік деңгейдегі боксшы. Мен келешекте осы екі жігітпен жұдырықтасып, бар атақтарын алғым келеді, - дейді Джейсон Куигли.

Джейсон Куигли 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының финалында отандасымыз Жәнібек Әлімханұлынан жеңілген.

Айта кетейік, бүгін қазақстандық боксшы Геннадий Головкин «instagram» желісіндегі парақшасына «Астана Аренаның» суретін жүктеп, 38 мың билеттің сатылатыны жайлы айтып, жанкүйерлерді қызықтырған болатын.