«Қазақстан» арнасында EURO-2016 жеребе тарату рәсімі көрсетіледі

О Сансызбай Корреспондент
«Қазақстан» арнасында EURO-2016 жеребе тарату рәсімі көрсетіледі
Фото ©️ sports.ru

12 желтоқсан күні сағат 23.00-де «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тікелей эфирінде Францияда өтетін 2016 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық кезеңінің жеребе тарту рәсімі көрсетіледі. Көрермендер трансляция қайталануын 13 желтоқсан күні сағат 10.25-те «Kazsport»  телеарнасында көре алады. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

- «Қазақстан» РТРК» АҚ EURO-2016 турнирі трансляциясын Қазақстан Республикасының аумағына эксклюзивті тарату құқығына ие. Корпорация Еуропа чемпионатын кең көлемде көрсетуді жоспарлауда. Барлық ойындар «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналарының тікелей эфирінде көрсетіледі. Сонымен қатар, турнир жайлы «Road to France» 15 арнайы жобасы көрсетіледі. Аталмыш 15 фильмнің үшеуі – Корпорацияның өз өнімі болады, – делінген хабарламада.

2016 жылғы Еуропа чемпионаты 10 маусым мен 10 шілде аралығында өтеді. Француздардың 10 қаласында өтетін додаға алғаш рет 24 құрама қатысады. Бүгінде іріктеу кезеңі аяқталып, финалдық кезеңге шыққан барлық құрамалар себеттерге бөлінді. Бір себеттегі құрамалар бір топқа түспейді. 12 желтоқсан күні құрамалар 6 топқа бөлініп, қарсыластарын анықтайтын болады.

Жеребе алдындағы құрамалар орналасқан себеттер:

Бірінші себет: Франция, Испания, Германия, Англия, Португалия, Бельгия

Екінші себет: Италия, Ресей, Швейцария, Австрия, Хорватия, Украина

Үшінші себет: Чехия, Швеция, Польша, Румыния, Словакия, Венгрия

Төртінші себет: Түркия, Ирландия, Исландия, Уэльс, Албания, Солтүстік Ирландия

Айта кетейік, 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан құрамасы «А» тобында бақ сынап, бесінші орынға ие болған-ды.