Ярослава Шведова жұптық кезеңде «US Open» финалына шықты

О Сансызбай Корреспондент
Ярослава Шведова жұптық кезеңде «US Open» финалына шықты
Фото ©️ usopen.org

Қазақстандық теннисші Ярослава Шведова жұптық сайыста АҚШ ашық біріншілігінің («US Open») финалына шықты. Аустралиялық Кейси Деллакуамен жұп құрап өнер көрсететін отандасымыз спорттық мансабындағы кезекті ірі жетістігіне қол созып отыр.

БӨЛІСУ

Ярослава Шведова мен Кейси Деллакуа жартылай финалда неміс қызы Анна-Лена Гренефельд пен америкалық Коко Вандевеге жұбын жеңді. Бірінші сетте қарсыластарына 6:7 есебімен есе жібергенмен, екінші және үшінші сетте 7:5, 7:5 нәтижелерімен басым түсті. Корттағы кездесу 2 сағат 49 минутқа созылды.

Қазақстандық және аустралиялық теннисшілер финалда швейцариялық Мартина Хингс пен үндістандық Саня Мирзаға қарсы ойнайды.

Айта кетейік, Ярослава Шведова 2010 жылы «US Open» турнирінің жұптық кезеңінде Ваней Кингпен бірге чемпион атанған болатын. Ал араға бір жыл сала финалда жеңіліс тапқан-ды. Cондай-ақ, бүгін әйелдер арасындағы жекелей кезеңде басты фавориттер Серена Уильямс пен Симон Халеп жарысты жартылай финалда аяқтап, спорт жанкүйерлері күтпеген оқиға орын алды.