Қазақстандық жас зілтеміршілер әлем чемпионатын сәтті аяқтады

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстандық жас зілтеміршілер әлем чемпионатын сәтті аяқтады

Перу астанасы Лимада ауыр атлетикадан төрт күнге созылған әлем чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстандық жас ауыр атлеттер 2 алтын 1 күміс 1 қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады.

БӨЛІСУ

Қазақстан құрамасының қоржынына соңғы алтын жүлдені Нанкинде өткен жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері, қыздар арасында ең ауыр салмақта сынға түскен Татьяна Капустина салды. Ол қос жаттығудың қорытындысы бойынша 243 келіні (110+133) келіні еңсеріп, алдына жан салмады. Күміс жүлде эквадорлық зілтемірші Айови Бетзайға 105+134) бұйырса, қоланы корей елінің спортшысы Ким Жи Хуен (92+130) жеңіп алды.

Татьянаға дейін Қазақстан құрамасы сапынан 50 келіге дейінгі салмақта Игорь Сон жеңімпаз тұғырынан көрінсе, қыздар арасында 58 келіге дейінгі салмақта Әйгерім Ауылбек күміс жүлдегер атанған-ды. Ал 85 келіге дейінгі жасөспірімдер арасында бағын сынаған Шыңғыс Сағындықов қола медальды қанағат тұтты. Айта кетейік, бұл додада еліміздің намысын алты спортшы қорғаған болатын. Ерлер арасында 69 келіге дейінгі салмақта Арыстанбек Жақанша сегізінші орынды иеленсе, 56 келіге дейінгі салмақта Игорь Шварц та дәл осы нәтижені көрсетті. 

2 алтын 1 күміс 1 қола жүлде жеңіп алған Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды Қытай елінің жас ауыр атлеттері иеленді. Олар 9 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлдені жеңіп алған. Екінші орыннан 3 алтын және 3 күміс жүлдені жеңіп алған Египет құрамасы көрінсе, үштікті 3 алтын медальмен Тайланд құрамасы қорытындылады.

Сурет: vk.com