Альберт алғашқы ондықты қорытындылады

О Сансызбай Корреспондент
Альберт алғашқы ондықты қорытындылады

Ауыр атлетикадан Алматыда өтіп жатқан 81-ші әлем чемпионатының үшінші күні мәресіне жетті. Зульфия Чиншанлоның жеңісті жолынан кейін, жарыс алаңына ерлер арасында 69 келіде Альберт Линдер көтерілді.

БӨЛІСУ

1996 жылы дүниеге келген жерлесіміз жұлқа көтеруде 145 келіні қиналмай көтергенмен, 148 келіні бағындыра алмады. Ал серпе көтеруде Альберт 170 келімен шектелді. Дайындық кезінде алғашқы жаттығуда 150 келіні, екінші жаттығуда 185 келіге дейін салмақты бағындырып жүрген спортшы өзінің сәтсіздігін қобалжуға жол бергенімен түсіндірді. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін додада топ жаруға мүмкіндігі мол екендігін жеткізді. 18 жастағы қазақстандық зілтеміршінің болашағы әлі алда екені көрініп-ақ тұр. Альбертке енді толассыз дайындық пен тәжірбие қажет.

69 келіде «аспан асты елінен» келген Ляо Хуэйдың айдарынан жел есті. Ол алдымен жұлқи көтеруде үшінші мүмкіндігін сәтті пайдаланып, 166 келіні басынан асырды. Нәтижесінде 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарында болгар Георгий Марковтың рекордын жаңартты. Бұл нәтижемен тоқтап қалмай, спортшы қос жаттығу қорытындысында да 359 келімен осыған дейінгі рекордын жаңарта білді. Сонымен қатар, 69 келідегі серпе көтеру көтеруде де рекорд осы қытайлық спортшының еншісінде.

Күміс жүлде мысырлық Мұхаммед Махмудқа бұйырды. Ол жұлқа көтеруде 154 келіні бағындырса, серпе көтеруде 182 келіні басынан асырып, соңынан аздап жарақат та алып қалды. Үштікті солтүстік кореялық Ким Мен Хек қорытындылады. Ол қос жаттығу қорытындысында 332 келіні еңсерді.

Дүбірлі доданың төртінші күнінде әйелдер арасында 58 келіде жүлделер сарапқа салынады. Бұл сынның «В» тобында ел намысын Гүлназ Наурызова қорғайтын болады.

Сурет: massaget.kz