Чемпиондар лигасы. Роналду емес, Касильяс рекорд орнатты

О Сансызбай Корреспондент
Чемпиондар лигасы. Роналду емес, Касильяс рекорд орнатты

Футболдан Чемпиондар лигасының төртінші тур ойындарының бірінші күніндегі кездесулер мәресіне жетті. Назарларыңызға нәтижелерін ұсынамыз!

БӨЛІСУ

«Зенит» тағы есе жіберді

Ресейлік клуб өз алаңында леверкузендік «Байерден» екінші рет ұтылды. Бірінші таймды «Зенит» жоғарғы қарқында өткізгенмен, екінші таймда қонақтар алаң иелерінің осал тұсын тауып кетті. Сон Хын Миннің дубль орындауы Андре Виллаш-Боаш шәкірттерін қапы қалдырды. Рондон 88 минутта есепті қысқартқанмен, таразы басын теңестіруге шамалары жетпеді. Нәтижесінде «Байер» 9 ұпаймен топ көшін бастады.

 «Бенфика» мүмкіндігін құр жібермеді

Лиссабондық клуб өз алаңында «Монакоға» ұтылғанда, топтан шықпақ түгілі Еуропа лигасына жолдама ала алмай қалуы мүмкін еді. Бірақ, Жорже Жезуш шәкірттері өз мүмкіндіктерін пайдалана білді. 82 минутта Андерсон Талисканың соққан голы «Бенфикаға» жеңіс сыйлады.

"C" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең          Жеңіліс         Голдар          Ұпай    
1.     Байер 4 3 0 1 7:3 9
2.     Монако 4 1 2 1 1:1 5
3.     Зенит 4 1 1 2 3:4 4
4.     Бенфика     4 1 1 2 2:5 4


«Атлетико» Мадридке үш ұпаймен қайтты

Швециялық «Мальме» өз алаңында Диего Симоене командасына жеңілді. Нәтижесінде еншілеріндегі үш ұпаймен топтың соңғы орнында қалды. Бүгінгі ойында «Атлетико» сапынан Коке мен Рауль Гарсия белсенді.

«Ювентус» есесін қайтарды

Туриндік «Ювентус» та топтан шығу мүмкіндігін жоғалтпау үшін барын салды. Екі апта бұрын Пирейде «Олимпиакостан» ұтылған еді. Бүгін сол есесін қайтарды. Алма-кезек соғылған голдар сериясында алаң иелері 3:2 есебімен жеңіске жетті. Тіпті, соңғы минутта Артур Видаль пенальтиді орындағанда «Ювентус» екі доп басымдығымен жеңіске жетуі бек мүмкін еді.

"A" тобы     Ойын          Жеңіс        Тең         Жеңіліс         Голдар          Ұпай    
1.     Атлетико М 4 3 0 1 10:3 9
2.     Олимпиакос     4 2 0 2 6:7 6
3.     Ювентус 4 2 0 2 5:4 6
4.     Мальме 4 1 0 3 2:9 3


«Андерлехт» камбэк жасады

Біз күткен тосын сый Лондондағы «Эмирейтс» стадионында орын алды. Үш допты қонақтар қақпасына тоғытып, арқаны кеңге салған «Арсенал» ойын аяқталуына 30 минут қалғанда өз қақпаларынан 3 рет доп алып шықты. Естеріңізде болса, екі апта бұрын «канонирлер» «Андерлехт» алаңында үш ұпай еншілеген камбэк жасаған болатын.

 «Боруссия д» топтан шығу мәселесін шешті

Дортмундтық «Боруссия» алғашқылардың бірі болып топтан шығу жолдамасын жеңіп алды. Өз алаңында «Галатасарайды» 4:1 есебімен тас-талқан еткен клубқа енді бундеслигада барын салуы керек. Өйткені, ішкі біріншілікте 17-ші орында келеді.

"D" тобы     Ойын         Жеңіс          Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.     Боруссия Д 4 4 0 0 13:1 12
2.     Арсенал 4 2 1 1 9:7 7
3.     Андерлехт 4 0 2 2 5:9 2
4.     Галатасарай     4 0 1 3 3:13 1

«Базель» бабын байқатты

Чемпиондар лигасындағы әлсіз ұжымдардың қатарында болған «Лудогорец» ірі есеппен жеңілді. Болгар командасының қақпасына «Ливерпуль» мен «Реал» тоғыта алмаған төрт допты «Базель» соқты. Бірақ, «Лудогорец» алаңында өткен ойында швейцариялық клуб 1:0 нәтижесімен ұтылып қалған болатын.

 «Ливерпуль» Роналдуды ойнатпады...

Бүгін португалиялық сұрмерген Рауль рекордын жаңартады деп күтілген еді. Бірақ, «Ливерпуль» командасы шабуылшыны толықтай бақылауда ұстап, адым аштырмады. Брендан Роджерстің өткен ойындағы негізгі құрамынан гөрі, бүгінгі жасақтаған ұжымы сәтті өнер көрсеткендей. Карим Бенземаның 27 минутта соққан голы «корольдік клубты» топтан алып шықты. Сонымен қатар, бүгінгі кеште Роналду емес, Икер Касильяс рекорд орнатты. «Корольдік клуб» қақпашысы Чемпиондар лигасында ең көп ойынға қатысқан футболшы атанды. Икер «Ливерпульге» қарсы 144-ші ойынына шыққан. Тағы бір айта кететіні,  каталондық «Барселона» ойыншысы Хави еншісінде 143 ойын бар. Егер ертең «Аяксқа» қарсы ойынға испандық ойыншы шығар болса, нәтиже қайта теңесетін болады. 

"В" тобы     Ойын         Жеңіс         Тең         Жеңіліс         Голдар         Ұпай    
1.     Реал 4 4 0 0 11:2 12
2.     Базель 4 2 0 2 6:6 6
3.     Ливерпуль       4 1 0 3 2:6 3
4.     Лудогорец 4 1 0 3 3:8 3


Сурет:dailymail.net, sports.ru