Шведова әлемнің 10-шы ракеткасынан айласын асырды

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Шведова әлемнің 10-шы ракеткасынан айласын асырды

Қазақстандық теннисші қыз Ярослава Шведова Хертогенбосте (Нидерланды) өтіп жатқан WTA сериясына жататын турнирдің екінші айналымына өтті.

БӨЛІСУ

Жарыстың алғашқы кезеңінде ол әйелдер арасындағы әлемдік рейтингтің 10-шы сатысындағы словакиялық теннисші Доминика Цибулковамен кездескен болатын. Нәтижесінде тартысқа толы болған матч 6:2, 3:6, 6:3 есебімен отандасымыздың жеңісімен аяқталды. Айта кетейік, Қазақстанның бірінші ракеткасы саналатын Шведова бүгінгі таңда WTA рейтингісінің 67-ші орнына жайғасқан. Осылайша бүгінгі кездесуді қоса есептегенде қос теннисші арасындағы жеке есеп 3:3 болып теңесті.  

Енді келесі айналымда Ярослава Шведова корт қожайыны Михаэлла Крайчекпен сынға түседі. Ол өз кезегінде бірінші турда словак Ян Чепеловтан айласын асырған еді. Осы тұста бір қызық жағдай орын алғанын да айта кетуіміз керек. Аталған матч аяқталысымен голландиялық теннисші қыздың жігіті Мартин Эммрих сүйіктісіне көрермендер алдында үйленуге ұсыныс жасады. Қуанышы қойнына сыймаған Крайчек те бірден өз келісімін берді.

Естеріңізге салар болсақ, Ярослава Шведова Әйелдер теннисінің қауымдастығы түзген жаңарған рейтингте бір сатыға жоғарылып, 68-ден 67-ші орынға орнықты.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: gotennis.ru