"Қазақстан Барысына" үміткер балуандар таныстырылды

О Сансызбай Корреспондент
"Қазақстан Барысына" үміткер балуандар таныстырылды

Бүгін Алматы қаласындағы республикалық спорт колледжінде «Қазақстан Барысының» ақтық кезеңіне жолдама алған 33 балуанды таныстыру рәсімі өтті. Еліміздегі ұлттық спортты әспеттеудегі танымал жобалардың бірі саналатын дүбірлі дода төртінші рет байрағын желбіреткелі отыр.

БӨЛІСУ

Еліміздің 16 аймағында өткен республикалық додаға іріктеу кезеңі жылдағыдан қарқынды әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұны «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев та ең бірінші тілге тиек етті.

- Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған доданың іріктеу кезеңі еліміздің 16 аймағын қамтып, тартысты белдесулерімен ерекшеленді. Астана қаласында өтетін ақтық кезеңде нағыз «күш атасын танымастардың» белдесуін көретін боламыз. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен балуандарымызға сәттілік тілеймін. Қолдау білдіріп, көмегін аямаған демеушілерімізге алғысымды білдіремін. Той құтты болсын!, - деді ол. 

«Қазақстан барысының» төртінші маусымдағы іріктеу сыны көптеген тосын сыйларға толы болды. Атап айтар болсақ, жарыстың ардагер балуаны Мұрат Кеңтонов (Қостанай облысы) пен тұңғыш «барыс» Ұлан Рысқұл (Қызылорда облысы) финалдық кезеңнен сырт қалса, жарақатына орай Максим Гербер (Қостанай облысы) мен Виктор Демьяненко (Алматы қаласы) турнирге қатыса алмады. Ал тәжірибелі балуан Шалқар Жоламанов бір жылдық үзілістен соң жобаға қайта оралды.

Бүгінгі таныстырылым салтанаты республикалық спорт колледжінің футбол ойнайтын жасыл алаңынан басталды. Соңынан кештің құрметті қонақтары сөзінен кейін, әр өңірден үздік шыққан балуандарды таныстыру рәсімі басталды. Әр өңір балуандары боз кілемде белдесіп, жиналған қауымға қазақ күресінің әдіс-тәсілдері мен айлаларын көрсетті.

Енді балуандар жөнінде аз-кем мәлімет:

Салмағы ең ауыр балуан: Жұманазар Ерсұлтанов (160 келі). Оңтүстік Қазақстан облысы

Салмағы ең жеңіл балуан: Леонид Станеев (82 келі). Ақмола облысы

Салмағы ең жеңіл балуан: Рүстем Бурбаев (82 келі). Ақтөбе облысы


Бойы ең ұзын балуан: Рүстем Жұмаев (198 см). Солтүстік Қазақстан облысы

Бойы ең аласа балуан: Батырхан Жүнісов (173 см). Павлодар облысы

Ең егде балуан: Шалқар Жоламанов (35 жас, 2 ай). ШҚО


Ең жас балуан: Мейрамбек Жаңабай (18 жас, 8 ай). Маңғыстау облысы


Биылғы жарысқа қатысатын жас әрі жаңа есімдер өте көп. Олар қазақ күресінен өтетін ең ірі спорттық доданың тарихында өз есімдерін қалдыруға дайын. Солардың бірі – Айбек Серікбаев. Қызылордалық боз кілем шеберімен тілдесудің де сәті түсті.

- Ассалаумағалейкум, Айбек, төртінші маусымдағы ақтық кезеңге жолдама алуың құтты болсын! Іріктеу кезеңі қалай өтті?

- Жалпы іріктеу кезеңі жоғары деңгейде өтті. Әр облыстан мықты-мықты балуандар келген. Қызылорда қаласында өткен іріктеу маған оңай болған жоқ. Ақтық кезеңге өту көп еңбек пен тер төгудің арқасында келді. Осымен екінші рет мұндай мәртебе мен финалдық кезеңге жолдама алып отырмын.

- Екінші рет қатысқалы отыр екенсіз, дайындығыңыз қалай? Жеңіске деген құлшынысыңыз жүрексінуден жоғары шығар?

- Ия, дайындығымды күнде шыңдап жатырмын. Орынға ілігу керек деген мақсатта жүрмін. Сол жолда барымды саламын деген үміттемін. Жеңіске деген құлшыныс барда, жүрексіну болмау керек.

- Ел таныған балуандардан өзге мықтылардың топ жаруы мүмкін бе?

- Әрине, мүмкін. «Күш атасын танымайды» дейді. Бақ шаба ма, бап шаба ма? Көре жатармыз. Бастысы – жеңіс үшін барлық балуан да барын салары анық. Ешкімнің де атақ-абыройына қарамауы керек. Меніңше, бәрінде де атақ пен абырой жеткілікті. Сондықтан да, бұл маусымдағы белдесулер тартысты болғалы тұр. Жарысқа қатысушы барлық боз кілем шеберіне сәттілік тілеймін. Жарақат алып қалудан сақтасын!

- Әңгімеңізге рақмет!


Тағы айта кететіні, «Шығыс Барысы», 2013 жылғы жеңімпаз Айбек Нұғымаров пен «Тараз Арланы», 2012 жылғы чемпион Бейбіт Ыстыбаев жобаның финалдық сынына қатарынан төртінші рет жолдама алып отыр. Қос мықтының өнерін тамашалауға асығып отырған жанкүйерлер де көп.

Сонымен қатар, бұл маусымдағы «Қазақстан Барысының» өткізілу жүйесіне өзгерістер енгізілді. Бұл туралы біз осыған дейін хабарлаған болатынбыз. Өткен жылы біраз уақытқа дау тудырған жобаның ақтық кезеңі бұл жолы сәтті әрі әділ өтеді деген сенімдеміз. Жарысқа қатысушы апайтөс боз кілем майталмандарына сәттілік тілейміз!

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан Барысы» жобасының биылғы финалдық сыны 29 маусым күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді (басталуы - 13:00). Билеттер сатылымға ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап түседі. Жеңімпазға алтын белбеу, Тайтұяқ және 150 мың АҚШ доллары табысталатын болады.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: Өмірбек Сансызбай

«Қазақстан Барысы» ақтық кезеңіне өткен 33 балуан тізімі