Бендиден Қазақстан құрамасы ӘЧ жартылай финалына шықты

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Бендиден Қазақстан құрамасы ӘЧ жартылай финалына шықты

Бендиден Қазақстан құрамасы Ресейдің Иркутск қаласында өтіп жатқан 2014 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

БӨЛІСУ

Ширек финалдық матчта жерлестеріміз АҚШ құрамасын 11:3 есебімен ойсырата жеңді. Қазақстан құрама командасы сапында гол соққандар: Рауан Сариев (3), Сергей Почкунов (3), Ескендір Нұғманов (2), Денис Слаутин (2) және Петр Грибанов (1). Айта кету керек, командалар айдында 29 градус аяз кезінде 30 минуттан 3 тайм өткізді.

Басқа ширек финалдық кездесуде Финляндия құрамасы Норвегияны 9:2 есебімен тізе бүктіріп, жартылай финалға жолдама алды. Ендігі кезекте айдынға жарыс фавориттері Ресей мен Швеция командалары сәйкесінше Канада, Беларусь елдерінің хоккейшілерімен ойнап, жартылай финалдық жолдаманы сарапқа салады.  

Ал Қазақстан құрамасының жартылай финалдағы қарсыласы болып Швеция – Беларусь  арасындағы кездесудің жеңімпаз командасы атанады.   

Осыған дейін Қазақстан хоккейшілері топтық кезеңде Финляндиядан басым түскенімен (7:3), Ресей (1:10) мен Швецияға (2:11) ірі есеппен жол беріп қойған еді.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: vesti.kz