Шаңғымен жарысудан Қазақстан құрама командасы жасақталуда

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Шаңғымен жарысудан Қазақстан құрама командасы жасақталуда

Шаңғымен жарысудан Қазақстан құрама командасының аға бапкері Владимир Сахнов Сочиде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың құрамымен таныстырды. 

БӨЛІСУ

Қазір Алматының іргесіндегі «Әскери шатқалда» шаңғымен жарысудан Қазақстан чемпионатының бірінші тур ойындары өтіп жатыр. Кейбір қашықтықтарда спортшыларға Халықаралық шаңғы жарыстары федерациясының (FIS) маңызды ұпайларына таласуға мүмкіндік туып отыр.

«Сочи Олимпиадасына Алексей Полторанин, Николай Чеботько, Денис Волотко, Марк Старостин мен Ердос Ахмадиев нақты барады деп сенімді түрде айта аламын. Бірақ алдағы күндері тағы 1-2 лицензия алып қаламыз деп ойлаймын. 18 қаңтар күні FIS олимпиадалық рейтингісі жабылып, тізім 21 қаңтар күні жарияланады. Сол кезде жолдамалардың нақты саны анықталмақ. Әзірше өзіміздің көздеп отырған жеті спортшымыз бар. Солардың ішінен кейбіреулері Сочиге барып қалар деп үміттенемін»,-дейді Владимир Сахнов.

Әйелдер құрамасына келер болсақ, әзірше жаттықтырушылар штабы спортшы қыздардың есімін жарияламауды жөн көріп отыр. Бірақ кем дегенде 6-7 спортышының бар екендігі анық.

Естеріңізге сала кетсек, Сочидегі қысқы Олимпиада ойындары 7-23 ақпан күндері аралығында өтеді. Ойындардың ашылу салтанаты кезінде еліміздің көк байрағын Ердос Ахмадиев ұстап шықпақ.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: sport.gazeta.kz