Жаңа маусымнан бастап Қазақстан атынан жарыстарға қатысуға мүмкіндік алған ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина еліміздің әнұранын жаттауға кіріскен, – деп жазады РИА Новости.
17 жастағы Софья төрттік секіру мен қатарынан үш аксель жасай алатын санаулы спортшылар қатарынан. Қазақстан азаматтығын алған спортшы алдағы маусымнан бастап әлемдік жарыстарда Қазақстан атынан бақ сынайды.
«Әнұранның сөзін жаттауды бастадым. Қазақ тілінде дұрыс сөйлеп кететініме күмәнданам, бірақ барымды салып тырысамын», - деді Самоделкина РИА Новости тілшісіне берген сұхбатында.
Софья Самоделкина мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасында Ресейдің және әлемдік Гран-придің күміс жүлдегері.